Атырау қаласының әкімдігі кезінде өзі берген жер учаскесін кәсіпкерден қайтаруды талап етуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«АТЦ – галерея» ЖШС мәселесі Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында қаралды.
Серіктестік заңгерінің айтуынша, 2021 жылы оларға Атырау қаласында «McDonald's» мейрамханасын салу жөнінде ұсыныспен әкімдік өкілдері жүгінген. Тараптар арасында меморандумға қол қойылып, әкімдік жер учаскесін беруге міндеттелсе, серіктестік мейрамхана салумен қатар, қала үшін екі инватакси сатып алуды өз мойнына алған. Екі жыл өткен соң жоба сәтті іске асырылған.
«Бүгінде біз Атырау қаласының әкімдігі тарапынан жер учаскесіне қатысты сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз берілген мәселеге тап болып отырмыз. Олар прокуратура мен жер қатынастары басқармасынан келіп түскен хаттарға сілтеме жасауда. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен әкімдіктің талабы қанағаттандырылды. Егер мәміле жарамсыз деп танылса, біз тек жер учаскесін ғана емес, мейрамхананы да қайтаруға мәжбүр боламыз. Бұл – біздің қызметіміздің тоқтауы, қазіргі таңда жетпістен астам қызметкердің жұмыстан шығарылуы, 1 млрд теңгеден астам инвестициямыздың жоғалуы деген сөз. Сондықтан біз бұл мәселені жоғары сотқа жеткізбей, медиация тәртібімен шешу мүмкіндігін қарастыру үшін Атырау облысы кәсіпкерлер палатасына жүгіндік», – деді «АТЦ – галерея» ЖШС заңгері Наталья Сон.
Отырыста атап өтілгендей, жер учаскесі серіктестікке «СПК «Атырау» АҚ арқылы берілген.
«Жер учаскесі инвестициялық жоба аясында комиссия шешімімен, сол кездегі қолданыстағы ережелерге сәйкес, аукцион өткізілмей берілді. Біз сот шешімімен келіспейміз, ол біржақты болды деп санаймыз, себебі шешімде бұл учаске тек мейрамхана салуға берілгені көрсетілген, ал шын мәнінде мұнда өз өндірісіміз – наубайхана да бар. Біз бұл мәселені медиативті түрде шешкіміз келеді, егер ол мүмкін болмаса, апелляцияға береміз», – деді «СПК «Атырау» АҚ департаментінің директоры Қуаныш Өмбетов.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері 2022 жылы облыстық жер ресурстарын басқару департаменті әкімдік тарапынан «СПК «Атырау» АҚ-на жер учаскелерін беру кезінде заңнаманың сақталуын тексергенін айтты. Тексеру нәтижесінде әкімдікке заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс жолданған. Онда әкімдіктің «СПК «Атырау» АҚ-на 5 жыл мерзімге өтеулі уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы шешімі Жер кодексінің 18, 37, 44-1-баптарына сәйкес қабылданғаны көрсетілген, алайда мұндай учаскелер Жер кодексінің 48-бабы негізінде берілуі тиіс еді. Сонымен қатар, инвестициялық және инновациялық жобалар кадастрлық істе тіркелмеген және тексеру кезінде ұсынылмаған. Осыған байланысты, Атырау қаласының прокуратурасы кейін әкімдікке жер учаскесін мемлекеттік меншікке қайтару мәселесін сотқа дейінгі тәртіппен қарастыру туралы хат жолдаған. Өз кезегінде Атырау қаласының әкімдігі экономикалық сотқа «СПК «Атырау» АҚ мен «АТЦ – галерея» ЖШС арасындағы жер сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талаппен жүгінген.
Бұл ретте, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев та өз пікірін білдірді.
«Бизнес субъектісі өзіне алған барлық міндеттемелерді орындап, жобаны жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құрып, салық төлеп отырса, ол әкімдіктің кінәсінен зардап шекпеуі тиіс. Жоба іске асырылғаннан кейін екі жылдан соң, әкімдік жерді заңсыз бергені белгілі болды. Ал кәсіпкер не істесін? Ол жұмыс істеп, 1 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсады, қызметін тоқтатса – 6 млрд теңге көлемінде шығын келеді. Жұмысшылар не болады? Біз алдын ала құқықтық сараптама жүргізіп, атқарушы органдардың пікірін алдық. Айта кетейін, 2024 жылы инвестициялық жобаларды тану ережелеріне өзгерістер енгізілді және бұл жоба сол талаптарға сай келеді. Егер олар бұл жер учаскесін қайтарғысы келсе, онда келешекте оны не мақсатта пайдаланбақ? Егер бәрібір кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылса, бар ғимаратты бұзудың мәні не? Басқа мақсатқа бұл учаске жарамайды. Сондықтан біздің ұсыныс – бұл нысанды заңдастырып, кәсіпкерді жайына қалдыру», – деді Палата өкілі.
Жиынды қорытындылай келе, Сәрсенбай Жолдыбаев Палата бұл мәселені медиация тәртібімен шешу туралы ұсыныспен әкімдікке жүгінетінін, ал егер нәтиже болмаса, кәсіпкердің мүддесін сотта қорғайтынын айтты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ