Төртінші шұғылдық деңгейіндегі шақыртулар енді жұмыс уақытында емханаларға автоматтандырылған жүйе арқылы бағытталады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жедел медициналық көмек көрсету жүйесіне өзгерістер енгізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, енді жұмыс күндері сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін, сенбі күндері 12:00-ге дейінгі аралықта төртінші шұғылдық деңгейіндегі шақыртулар автоматты түрде емханаларға жіберіледі. Науқастарға учаскелік медицина бригадалары барып қызмет көрсетеді.
Төртінші шұғылдық деңгейіне созылмалы аурулардың асқынуы және өмірге қауіп төндірмейтін жеңіл, бірақ өткір жағдайлар жатады.
Кешкі және түнгі уақыттарда, сондай-ақ, демалыс күндері бұл шақыртуларды жедел жәрдем қызметі бұрынғыдай қабылдай береді. Бұл ретте, дәрігерлердің келу уақыты шұғылдық деңгейіне байланысты: I деңгей — 10 минуттан аспауы тиіс, II деңгей — 15 минутқа дейін, III деңгей — 30 минутқа дейін, IV деңгей — бір сағат ішінде.
Бұл өзгерістер жедел қызметтердің тиімділігін арттыруға және халыққа көрсетілетін медициналық көмекті оңтайландыруға бағытталған.
Аман ШАМАР
Фото: Atpress.kz