Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған кіші аяқ доптан «Assembly CUP-2025» турнирі өтті. Шараға облыстағы этномәдени бірлестіктер, ассамблея құрылымдары мен жастары, жұмысшы мамандар мен студенттер қатысты,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Турнирдің негізгі мақсаты – этномәдени бірлестіктер арасындағы достықты нығайту, мәдениетаралық байланыстарды дамыту және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
— Бұл турнир тек спорттық жарыс емес, командалар арасындағы бірлікті нығайтудың, татулық пен достықты дамытудың жарқын үлгісі. Жеңімпаздар арнайы кубоктармен және медальдармен марапатталады. Сонымен қатар “Үздік қақпашы”, “Үздік қорғаушы”, “Сұрмерген”, “Үздік капитан” және “Үздік ойыншы” номинациялары да табысталады,- деді Атырау облысы Ассамблея жастарының төрағасы Нұрхан Бағытжанов.
«Assembly CUP-2025» турнирінің қорытындысында тартысты ойын көрсеткен «Ассамблея жастары» командасы чемпион атанса, шеберлігімен көзге түскен «Иверия» командасы екінші орынды иеленді. Ал ұйымшыл ойын өрнегімен ерекшеленген «Ассамблея» құрамасы қола жүлдені қанжығасына байлап, жарыстың жеңімпаздары қатарынан көрінді.
Турнирге 8 команда мен 100-ге жуық спортшы қатысып, өзара тартысты жарыс өткізді.