Махамбетте қалдық өртейтін инсинератор салынуы мүмкін

Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылы маңында қалдықтарды өртеуге арналған инсинератор салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жобалық құжатқа сәйкес, құрылысқа жарты гектар жер бөлінген. Пеш жылына 184,32 тонна қалдықты жоюға қауқарлы және жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуі жоспарланған. Инсинераторда жойылатын қалдықтардың құрамы сан алуан. Атап айтқанда, жылына медициналық қалдықтар – 49,76 тонна, май сіңген шүберек – 18,432 тонна, пайдаланылған автодөңгелектер – 3,6864 тонна, ауа сүзгілері – 3,6864 тонна, май сүзгілері – 3,6864 тонна, жанармай сүзгілері – 3,6864 тонна, майланған қалдықтар – 18,432 тонна, мұнай шламы – 18,432 тонна, тағам қалдықтары – 18,432 тонна, кеңсе техникасы – 9,216 тонна көлемде жойылмақ.

Ал, құрылыс алаңына жақын "Черная речка" суқоймасы 8 шақырым жерде орналасқан. Мамандардың айтуынша, егер өңірде заманауи қоқыс өңдеу зауыты салынбаса, онда сирек кездесетін сүтқоректінің 32 түрі – қабан, суыр, қасқыр, қарсақ пен киіктердің өміріне қауіп төнуі мүмкін. 

Аман ШАМАР