Нұрлан Ноғаев мемлекеттік қызметшілерге дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісті

ATPress.kz. 2 шілде. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жас мемлекеттік қызметкерлерге дәріс өткізді.

«Біліктілігін арттыру мақсатында даярлық курстардан өтіп жатқан мемлекеттік қызметкерлерге «Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында дәріс өткізген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өзіндік тәжірибелерімен де бөлісті», - деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Мемлекеттік қызметкер болу бұл халық пен басшылықтың тарапынан бізге білдірген үлкен сенім. Әр азаматтың құқығы мен міндеттерін жүзеге асыруды ұйымдастыру әрбір мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметкерлердің тікелей міндетті. Мемлекеттік қызметші жоғары жауапкершілік пен кәсіби білімді, адалдық пен өмірлік ұстанымда белсенді, адамгершілік сияқты қасиеттерге ие болуы керек. Ол өз елінің патриоты болу қажет. Өз білімін үнемі жетілдіріп отырып, үнемі ізденісте болуы керек. Мемлекет басшысының жариялаған бұл қағидалары мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге бел байлауға шешім қабылдағандар үшін анық нұсқаулық болуы керек, - дейді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалы басшысы Сәуле Кубашеваның айтуынша, облыста Мемлекеттік қызмет туралы Заңды жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

«Әрбір жаңадан келген маман жұмыс жолының басында күшті тәлімгерге ие болуы керек. Облыс әкімі мемлекеттік қызметте өзінің жолын қалыптастыру тәжірибесімен бөліскені бізді қуантады. Біздер өз жұмысымызда тікелей пайдаланылатын өте құнды және пайдалы ақпарат алғанымызға сенімдіміз», - дейді ол.

Дәріске Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Атырау облысы бойынша филиалында қайта даярлау курсында оқып жатқан жас мемлекттік қызметкерлер қатысты. Олардың ішінде жергілікті атқарушы органдардың 27 мемлекеттік қызметшілері, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бөлімдердің 15 қызметкері бар.


Тасым Әбіш