Клубта дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, жекпе-жек, аударыспақ және жамбы ату үйірмелері жұмыс істейді,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Клубтың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін халық арасында кеңінен насихаттап, қатысушылардың бойына отансүйгіштік, тәртіп және рухани құндылықтарды қалыптастыру.
- Мекемемізде 47 штат қызметкері бар, 22-сі — жаттықтырушылар. Бұған дейін ұлттық спорт түрлері балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде, сондай-ақ жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасау арқылы ұйымдастырылған. Облыстық ұлттық спорт клубы мекемесі ашылғалы бері барлығын бір ортаға тоғыстырдық. Бізге келіп, спортпен шұғылданамын деген жастар мен ересектерге есігіміз ашық. Ақысыз, барлық бағытта тегін қатыса алады,- деді Атырау облысы ұлттық спорт клубының басшысы Асылбек Калиев.
Мұнда қатысушылардың сапалы жаттығу жасауына бар жағдай жасалған. Әр бағыт бойынша спортшылар толық материалдық жабдықтармен, яғни, қажетті киімдер, садақ-жебесі, күрес кілемдерімен қамтылған.
Мекеме ашылғалы спортшылар бір жылға жуық уақыт ішінде әлем чемпионатына, республикалық турнилерге қатысып, үздік нәтижелер көрсетті.
- Желтоқсан айында дәстүрлі садақ ату бойынша 7 спортшымыз әлем чемпионатына қатысты. Нәтижесінде алтын, күміс, қола жүлделерге ие болып, жастар мен ересектер арасындағы садақ ату бойынша республика бойынша үздік атанды. Ал қазақ күресі бойынша әлем чемпионатынан күміс және қола жүлдеміз бар. Бұл — жетістіктеріміздің басы ғана. Спортшыларымызды алдағы уақытта өтетін Азия, Әлем чемпионаттарына, турнирлерге дайындаудамыз, - деді Асылбек Қалиев.
Айта кетейік, жоспар бойынша алдағы уақытта көкпар, теңге алу, құсбегілік, бәйге секілді ұлттық спорт түрлері қатарға қосылмақ.