Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнері музейінде облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 24 сәуір күні сағат 18:00-ден 23:00-ге дейін «Музейге саяхат» атты іс-шара өтеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Кеш шымылдығы музыкалық ұжымдардың өнер көрсетуімен ашылмақ. Қонақтарды қызықты әрі әртүрлі бағдарлама күтуде: қолданбалы өнер көрмесі, күміс бұйымдар жасаудан шеберлік сабағы, керамикалық бұйымдар, құммен сурет салу техникасы, қой жүнінен бұйым жасау шеберлік сабағы, ағаштан бұйымдар жасау, гобелен тоқу техникасы, граффити бойынша мастер-класс.
Тіпті, суретшілерге жеке портрет салуға тапсырыс беруге болады. Ал, музей қонақтарының назарына қазақтың ұлттық киімдер дефилесі ұсынылады. Осы кеште суреттерге жан бітіп, артистер сурет кейіпкерлерінің бейнесінде өнер көрсетеді.
Кештің қонағы — Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Алматы қаласынан арнайы келген Дәурен Бекназаров. Бұл күні музейге кіру тегін болмақ.
Амандық АБДОЛ