Биыл Атырау гүлзарларында 70 мың гүл пайда болмақ

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін «Каспийдормостострой» ЖШС жылыжайларында гүл егу маусымы аяқталды. Бір айдан кейін қалада 70 мың көздің жауын алар әсем гүлдер пайда болмақ, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жаңа маусым 24 қаңтарда басталды. Компания өкілдерінің айтуынша, алдымен тұқымдар бағбандардың тілімен айтқанда «бөбекжайға» түседі, онда олар өніп, күш жинайды. Кейін өсіп шыққан көшеттер кеңірек орынға отырғызылады, онда олар мамандардың бақылауына алынады. 

Жылыжайларда жыл бойы температура +22…+26°C аралығында сақталады — бұл өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдай жасайды. Жылу көмір пештері арқылы қамтамасыз етіледі, олар тәулік бойы жұмыс істейді.

Гүл өсіру барысын 30 жылдық тәжірибесі бар орман шебері Мади Искалиев жетекшілік ететін тәжірибелі команда зор махаббатпен және қамқорлықпен бақылайды. Оның айтуынша, биыл қала гүлзарларында тагетес (қызғылт-сары және «Голд» сұрпы), катарантус, алиссум, петуния (ақ, қызыл, күлгін және қызыл-сары) гүлдері жайқалып өспек. 

Айта кетейік, көшет отырғызу жұмыстары мамыр айының алғашқы күндерінде басталады. 

Аман ШАМАР