Атыраулық құтқарушылар жоғалған адамдарды тапты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінен білгеніміздей, 6 сәуір күні сағат 14:00 шамасында Қызылқоға ауданы, Сарымайшағыл елдімекенінің 1987 және 1980 жылы туған тұрғындары Уаз автокөлігімен Сарымайшағыл елді мекенінен Қарабау ауылына мал іздеу үшін жолға шығады. Жолаушылар ауа райының күрт өзгеруі салдарынан (жауын-шашын) Мақат ауылынан шамамен 40 шақырым жерде, Жырыққара елді мекені тұсында далалық жерде батып қалады. Ұялы байланыс болмағандықтан жолаушыларға алаңдаған туысқаны құтқарушыларға 7 сәуір күні қоңырау шалады. 2025 жылғы 7 сәуірде сағат 20:30-да шақырту түскен бойда құтқарушылар жол талғамайтын ТРЭКОЛ автокөлігімен шұғыл іздестіру-құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Іздестіру-құтқару жұмыстары сәтті аяқталып, сағат 00:38-де Мақат кентінен 45-50 шақырым жердегі Жаңақұдық ескі қыстағы маңынан екі адам табылып, құтқарылды. Құтқарылған екі адам Мақат кентіне эвакуацияланды. Медициналық көмекті қажет етпеді. Іздестіру жұмыстарына ТЖД 4 қызметкер, бір техника (Трэкол) жұмылдырылды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ