Атыраулық парадзюдошы көпшілікті тәнті етуде (+ФОТО)

Альфия Тілекқабыл — парадзюдо бойынша Азия чемпионы, талантты музыкант, 18 жасында-ақ спорт пен музыкаға деген ерекше ұмтылысымен көпшілікті таңқалдырған жан, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Альфия – табанды парадзюдошы әрі шабытты музыкант. Оның табыс жолы – үлкен қиындықтар мен өзіне деген сенімнің көрінісі. Ол 18 жасында Азия чемпионы, Қазақстан Кубогының үш дүркін иегері атанып, өмірде түрлі шектеулерге тап болған адамдар үшін үлгі бола білді.

Альфия дүниеге келгенде дені сау бала болды. Үш жасқа дейін белсенді, өмірге құштар қыз болып өсті. Алайда дәл осы шақта оның көру қабілеті күрт нашарлап, дәрігерлер "тор қабығының ажырауы" деген диагноз қойды. Бірнеше отадан кейін оң көзінің көру қабілеті толық жоғалып, сол көзінде небәрі 4–5% ғана сақталды. Көруді қалпына келтіруге жасалған барлық талпыныстарға қарамастан, 2020 жылы, пандемия кезінде, көру қабілеті мүлде жоғалды. Бұл кезең Альфия үшін үлкен сынақ болды: карантин кезіндегі оқшаулану, үнемі мазалайтын бас ауруы оның жағдайын қиындатты. Бірақ дәл сол ауыр сәттерде ол өз бойынан күш тауып, жаңа мақсаттар қойды. Сөйтіп, биік белестерді бағындырып, асқақ армандарға қол жеткізді. 

Спорт — жүректің екінші жартысы

Пандемиядан кейін көру қабілетін толық жоғалтқан соң Альфия спортқа қайта оралып, жүзу мен шахматпен айналыса бастады. Облыстық жарыстардағы жетістіктерінің арқасында бапкерлердің назарын аударып, 2021 жылы парадзюдоға бағын сынап көруге шешім қабылдады. Оның жаттықтырушысы Жандос Қиянов болды. Ол Альфия үшін тек бапкер ғана емес, сонымен қатар өміріндегі үлкен қолдау көрсеткен маңызды жанға айналды.

Екі жылдық тынымсыз жаттығулардан кейін Альфия халықаралық аренада алғашқы маңызды жеңісіне жетті: Азия чемпионатында жеке және командалық есепте жеңіске жетті.

“Бұл мен үшін үлкен жетістік болды, себебі мен спортқа енді ғана келген едім және бұл спорттағы алғашқы маңызды тәжірибем еді,” — дейді Альфия.

Өткен жылы ол Парижде өткен Паралимпиада ойындарына қатысты және ең жас парадзюдошы болды. Бұл әлемдік деңгейде  тәжірибе жинау ғана емес, сонымен қатар спорттық мансабындағы маңызды кезең болды.

“Мен 18 жасымды Парижде салмақ өлшеу кезінде тойладым. Бұл - сөзбен айтып жеткізуге болмайтын керемет сәттер. Сол үшін өте қуаныштымын. Бірақ жарыс басталмай тұрып, мен ауырып қалдым. Алайда, өз-өзімді қамшылап алуға тура келді. Меніңше, жақсы өнер көрсеттім. Әрине, одан да жақсы болуы мүмкін еді, бірақ бұл - тәжірибе" дейді Атырау қаласының тұрғыны.

Көзі көрмейтін спортшы ретінде Альфия белгілі бір қиындықтарға тап болады. Оның бірі — ол G1 категориясына жататындықтан, яғни, көру қабілетінен мүлде айырылғандықтан жарыстарға қатысу үшін міндетті түрде көмекші қажет.

“Бізге G2 категориясындағы спортшылар — әлсіз көретіндер көмектеседі. Бір жерге шығу үшін міндетті түрде жанымызда біреу болу керек. Одан басқа алынбайтын қамал жоқ" дейді өзіне толықтай сенімді спортшы.

Соған қарамастан, ол жаттығуды үзбейді. Оның артында жаттықтырушысы Жандос Қияновтың сабырлылығы мен кәсіби шеберлігі жатыр десе де болады.  Парадзюдоның кәдімгі дзюдоға қарағанда ерекшелігі көп. Себебі, көзі нашар көретін спортшылар күрес техникасын физикалық түрде түсінеді. Ал, жаттықтырушы қарсыласты қалай дұрыс ұстау және лақтыру керектігін үйретеді.

Музыка — ем есебінде

Альфия музыкамен балалық шағынан бері шұғылданады.

«Мен 12 жыл бойы ән айтамын, фортепианода ойнаймын. Музыка мені емдейді. Көңіл-күйім нашар кезде жай ғана отыра қалып, ойнаймын. Немесе жарыстарға барған кезде көп қонақүйлерде фортепиано болады, мен міндетті түрде ойнаймын. Көптеген адамдар мені пианист әрі музыкант ретінде танып қалды» дейді парадзюдошы.

Альфия тек фортепиано, гитара, укулеле және домбырада ойнап қоймай, музыка жазумен де айналысады. Оның әуендері ішкі әлемінің айнасы секілді, мұнда жарық ешқашан сөнбейді.

Музыка әрқашан оның жанының бір бөлігі болды. Ол бірнеше рет республикалық фестивальдардың лауреаты атанды: «Жұлздызай», «Аманат», «Бала дауысы». «Жас Өркен» байқауында «Жылдың халықтық әуесқойы» атағын алды. Айта кету керек, Альфия Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 2-курсында «концерттік-камералық орындаушы» мамандығы бойынша оқиды және өнерсіз өмірін елестете алмайды.

— Маған жиі айтады: «Саған музыка неге керек, сен спортшысың ғой?» деп. Бірақ адамдар менің қалай күйсандықта ойнап, ән салатынымды естігенде, барлық сұрақтар жоғалады. Ал мен тек өзім жақсы көретін іспен ғана айналысамын, — дейді ол.

Сахна мен татами

Альфияның айтуынша, музыка мен спортты қатар алып жүру оңай емес, бірақ мүмкін. Әр жаттығу рухты шыңдаса, әр репетиция жанды жадыратады. 

«Менің қазіргі мақсатым — Астанада өтетін әлем чемпионаты. Жеке және командалық есепте бірінші орын алу. Одан кейін — Лос-Анджелестегі Олимпиадаға дайындық. Мен Олимпиада чемпионы болуды армандаймын. Келешекте тек спорттық шыңдарды бағындырып қана қоймай, музыкалық карьерамды да дамытамын. Мен музыка жазып, өз әндерімді интернетте насихаттағым келеді» деген ойымен бөлісті жас спортшы.

Мыңдаған адамға - мотивация

Альфия басқа мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлгі болуды мақсат етеді.

«Арманым — әрбір бала, әрбір мүмкіндігі шектеулі адам: “Егер Альфияның қолынан келсе, мен де жасай аламын” деп айта алса екен. Ең бастысы — қорықпау және берілмеу керек. Армандаңыздар, алға ұмтылыңыздар, бәрі де болады» дейді ол.

2024 жылы ол Атырау облысының «Жыл адамы» атағына ие болды. Бұл марапат оның еңбекқорлығы мен ерлігінің айқын көрінісі болды. Бірақ Альфияның өзі айтқандай, бұл тек басы ғана.

Аружан Ажимкулова

Аударған: Амандық Сағынтайұлы