Дәстүрлі садақ ату спорты Атырауда 2021 жылы бастау алды. 2024 жылы облыстық ұлттық спорт клубы мекемесінің бөлімі болып тіркелді. Бүгінде клубта 100-ге жуық адам тұрақты түрде садақ атумен шұғылданады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Садақшылардың арасында 7 жастағы баладан 70 жастағы қарияға дейін бар. Дәстүрлі садақ ату – либералды спорт түрі. Себебі ол жасқа, жынысқа қарамайды, - деді дәстүрлі садақ ату бойынша Атырау облысының аға жаттықтырушысы Диас Миллат.
Қазіргі таңда ұлттық спорт клубында 4 жаттықтырушы жұмыс істейді. Садақшылардың басым көпшілігі кәсіби түрде шұғылданса, қалғандары жаттықтырушылардың көмегімен біліктілігін арттыруда. Дайындықтар ауа-райына байланысты өзгеріп отырады. Қысқы маусымда ғимарат ішінде 30 метр қашықтықта, жаз айларында алыс қашықтықта, яғни, далалық жерлерде өткізіледі.
Садақшылардың осыған дейінгі үздік нәтижелерінің арқасында Атырау облысы республика бойынша үздіктердің алдыңғы қатарында.
- Чемпиондардың арасында әйелдер де бар. Қазақстанның үш дүркін чемпионы Бисембиева Мадина деген қызымыз бар. Бір жыл жасөспірімдер арасында, екі жыл қатарынан жастар арасынан чемпион атанды. Одан бөлек Қазақстан Республикасы, әлем чемпионатының және Азия кубогінің иегерлері бар. Осы күнге дейін жүлде бойынша алдыңғы қатарлы облыстардың бірі болып келеміз, - деді Диас Миллат.
Алдағы уақытта дәстүрлі садақ атудан Атырау облысы құрамасының жастар мен ересектер тобын оқу-жаттығу жиынына жіберу жоспарлануда. Бұл республика бойынша алғаш рет жүзеге асырылатын тәжірибе болмақ. Сонымен қатар республикалық турнирлерге, әлем және Азия чемпионаттарына дайындық басталды.
Айта кетейік, дәстүрлі садақ ату спортымен шұғылдануға ниет білдірген жасөспірімдер, жастар мен ересектер облыстық ұлттық спорт клубы мекемесіне барып, тегін қатыса алады.