«Қазақ дрон қыз» AtyrauPress сайтына сұхбат берді (+ВИДЕО)

Зарина Құтпанова – ерекше кейіпкер. Ол – Қазақстандағы алғашқы  дрон ұшыру бойынша PhD кандидат, Astana IT University-дің аға лекторы. Дрон жасау, дрон ұшыру, оны басқару, робототехника, ІТ саласында үлкен жетістіктерге жетіп, әлем елдерімен байланыс орнатып, жас шәкірттер тәрбиелеп жүрген қазақтың қаршадай қызы жақында Атырауға келген болатын. Бір басына үлкен жүкті арқалап жүрген қазақтың дарынды жасымен ерекше сұхбат құрып үлгердік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

- Зарина, өзіңді әлеуметтік желі әлеміндегілер «қазақ дрон қыз» деген атпен жақсы біледі. Қазақ дрон қыз кім? Өзіңді таныстырып өтсең?

- Уақыт бөліп, сұхбат алып жатқаныңызға үлкен рахмет. Мен өзімді дронсыз басқа салада елестете алмайтын адаммын. Дрон деген атауды неге өзімнің имиджіме қостым, себебі, мен он төрт жыл бойы осы салада сабақ беріп келе жатқан адаммын. Неге дрон, ол түсінікті. Диссертациямның тақырыбы да осы дрон саласы. Ал, қазақ қыз деген атауларды қосуым кішкене жаһандану мәселесімен байланысты десек те болады.

Тик-ток, инстаграмды ашып қалсаңыз, қазақ қыздарының арасында қазір жарты метр юбкаларын киіп алып, шаштарын қызылға бояп жүргендер көп. Иә, мүмкін бұл уақыт ағымына сай бір тренд те шығар. Дегенмен, қазақтың киімдерін күнделікті стильмен, ұлттық нақышпен үйлестіруге болады деп ойлаймын. Осылайша, инстаграмдағы ник-нейм арқылы ғана емес, киіну стиімде де ұлттық колоритті араластырып, жүрген жайым бар. Қазақ дрон қыз атауының бар құпиясы осы.

- Жалпы, дрон саласын таңдауыңызға не себеп болды?

- Осы жерде сізге бір шындықты айтайын. Жалпы, «Ұшқышсыз ұшатын аппараттар жақында ғана пайда болды» деген қате пікір. Негізінен мұндай құрылғылардың тарихы сонау 1849 жылы басталған. Австрия әскері Венециядаға көтерілісті басу үшін ұшқышсыз аэростаттар арқылы зеңбіректер лақтырған. Кейінірек бірінші дүниежүзілік соғыс  кезінде де ұшқышсыз ұшатын аппараттар қолданылған. Осындай технологиялық өзгерістер дронды адамның күнделікті өмірімен байланыстыра бастады.

Қазіргі уақытта шыны керек, әлем бойынша дрон саласы өте жақсы дамуда. Дрон – полиция, дрон – агроном, дрон – құтқарушы, дрон – жауынгер, дрон – өрт сөндіруші – бәрі-бәрі қазір ақиқатқа айналды. Дрондар адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне пайдасын тигізіп жатыр. Сондықтан, осындай игі смарт, яғни, «ақылды» жобаларды өмірге енгізуге қазақ жастарын неге тартпасқа деген ой келді.

Сіз білесіз бе? Әлемдік нарықтағы зерттеулер соңғы 7 жылда дрон сатып алушылар қатарының көбейгенін көрсетіп отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл – дронның болашағы зор деген сөз.

- Жастар деп қалдыңыз, шәкірт тәрбиелеуде қандай жетістіктеріңізді атап өте алар едіңіз?

- Шыны керек, мен үшін ең үлкен жетістіктерім – студенттерім. Өзім Астанадағы ІТ университетте жұмыс істеп жүрмін ғой. Жастар дрон саласын меңгерсе деген ниетпен бастапқыда клуб құрған болатынбыз. Сол кезде, дрон саласын тегін меңгер деп, университет ішінде дыбыс зорайтқышпен жарнама жасап жүргеніміз есімде. Қазір университет базасында ұшқышсыз ұшу аппараттары алаңын ашып қойдық. Университетте 6000 студент болса, оның ішінде орталыққа тұрақты келіп жүрген 50 студентім бар. Ал, 10 студент нақты дронмен айналысуда. Мен үшін бұл үлкен бір нәтиже.

- Орталықта жастар немен айналысады?

-Дрондарды біз жасанды интеллект арқылы басқарып отырмыз. А пунктінен В пунктіне жету, ортадағы кедергілерді айналып өту деген сияқты дүниелерді бағдарлама арқылы басқарамыз. Әлемдік тесланы білеміз, автопилоттарды білеміз. Біздің шәкірттеріміз де осындай әлемдік брендтердің жұмыс жасау технологиясын білуі керек.

- Жалпы, осы салаға келуіңізге қандай жағдай түрткі болды?

- Біздің үйімізде екі ақ қыз. Үйде ұл бала болмағандықтан, әкемнің жанында жүріп өстім. Мені көбі үнемі отверткамен, паяльникпен көреді. Үйіміз бір қабатты. Бірақ, әкемнің гаражы екі қабатты. Он жасымнан бастап, үйдегі сағаттарды ақтарып, ондағы құрылғыларды жұмсақ ойыншықтарға салып, түрлі түс шығаратындай заттар жасайтынмын. Кішкентай кезімнен әкеме көмектесіп жүргендіктен, маған осындай қол еңбегімен айналысатын сала жақын болды. Мамандығым инженер. Қазір ІТ, бағдарламалау, жасанды интеллект, робототехника салаларына қарай ойысып кеттім. Осы салалар бойынша Үндіста, Түркия, Корея, Қытай мемлекеттерінде қосымша білім алдым. Шыны керек, өзім қарапайым отбасынан шыққан қызбын. Біздің үйде 700 мыңға, 1 млн теңгеге дрон сатып алатын жағдай болған жоқ. Сөйтіп, кей жерде ақылы түрде курстардан өтіп жүрдім, компанияларға барып, тәжірибеден өтіп жүрдім. Мұнымен не айтқым келеді? Ең бастысы, адамда бір нәрсені үйренсем, білсем деген ниет болу керек. Сол кезде ғана адамға мүмкіндік ашылады. Әрі қарай әрекет. Ал, әрекет түбі берекет екенін өздеріңіз де білесіздер.

- Енді 10 жылдан кейін Заринаны қай саладан көруіміз мүмкін?

- Инстаграм парақшамдағы әр постыма комментарий қалдырушы оқырмандарым маған 10 жылдан кейін отыратын лауазым таңдап қойды. Ол дрон индустриясының министрлігі. Әзіл ғой. Дегенмен, осы дрон саласын Қазақстанның медицина, қорғаныс, әлеуметтік салаларына кедергісіз  енгізетіндей жағдай жасағым келеді.

- Уақытын тик-ток пен инстаграмға беріп жатқан жастарға не айтар едіңіз?

- Уақыт адам баласына берілген ең үлкен нығмет. Мен уақтымды жоспарлаймын. Үйде сол үшін арнайы қабырғам бар. Кесте сызып, жасайтын жұмыстарымды белгілеп қоямын. Әйтпесе, барлық істі ойда ғана ұстап жүру нәтиже бере бермейді. Сондықтан, жастарға уақытты дұрыс жоспарлауды ұсынар едім.

Ал, әлеуметтік желілерге шектеу қойып қою керек. Өйткені, ол жерде жұлдыздардан бөлек, таныс-тамырдың туған күні, қуанышы бар. Бәрін құттықтап, көңіл бөлгің келеді. Бірақ, уақыт қазір өте аз. Және уақыт атомдық жылдамдықпен өтіп жатыр. Кез келген дүниеде баланс болуы керек. Адам өзіне де көңіл бөлуі тиіс. Тіпті, күніне 1 минуттан болса да, бір жаңа әдет қалыптастыруға тіпті, кітап оқуға бөлсін, көңіл бөлсеңіз, түбі міндетті түрде үлкен нәтижеге алып келеді. Сондықтан, жақсы әдет қалыптастыруды күнделікті 1 минут уақыт бөлуден бастасақ екен деймін.

Сұхбаттасқан: Баян Жанұзақова