Өрт қаупі бар маусымның басталуына байланысты облыста орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. Бұл туралы Атырау облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллин баспасөз мәслихатында айтты,– деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыс аумағында жалпы көлемі 170 мың гектарға жуық орман алқабы бар, оның ішінде 18 мың гектары — орманды жерлер. Бұл аумақтарды қорғау жұмыстарын Атырау, Махамбет, Индер, Құрманғазыдағы орман шаруашылықтары мен мемлекеттік «Ақжайық» табиғи резерваты жүзеге асырады.
Басқарма басшысының мәліметінше, жыл басталғалы орман өрті төрт мәрте тіркелсе, қызыл жалын одан бөлек 16 жерде туындаған. Өткен жылы бұл көрсеткіштер екі жағдайға артық тіркеліпті. Келтірілген шығын көлемі 13 млн теңгеге жуық қаржыны қамтиды. Спикер биыл өртке қарсы іс-шаралар аясында 167 шақырым минералдандырылған жолақ төселіп, 102 аншлаг жаңартылып, 25 билбордтың орнатылғанын атап өтті.
– Өрттердің басым бөлігі адамның табиғатқа немқұрайлы қарауынан туындайды. Тұрғындар қоқысты немесе құрғақ шөпті өртейді, темекі тұқылын немесе сіріңкені сөндірмей тастайды. Осындай әрекеттер үлкен апатқа себеп болуы мүмкін,– деді Б.Абдуллин.
Қазіргі таңда облыс аумағында Ақжайық резерваты мен орман шаруашылығы мекемелерімен бірлескен сегіз мобильдік топ құрылған. Патрульдеу жұмыстарына 30-дан астам арнайы техника жұмылдырылды. Сондай-ақ өңірде 64 өрт сөндіру жасағы құрылып, 900-ге жуық ерікті өрт сөндіруші тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілген.