Қазақстанда ғылымға деген мемлекеттік көзқарас түбегейлі өзгерген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым күні қарсаңындағы мәлімдемесі – Қазақстанда ғылымға деген мемлекеттік көзқарастың түбегейлі өзгергенінің айқын көрінісі. Президент өз сөзінде ғылымның стратегиялық маңызын нақты деректермен және дәйекті мысалдармен дәлелдеп, отандық ғылымның даму бағыттарын жүйелі түрде баяндады.

Ең алдымен, ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемінің 3,5 есе артуы – бұл мемлекеттің ғылымға деген сенімі мен қолдауының нақты дәлелі. Жас зерттеушілерге жасалып жатқан қолдау шаралары да – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Сондай-ақ Президенттің ядролық технология, жасанды интеллект, синтетикалық отын, селен өндіру сияқты жоғары технологиялық бағыттарды атап өтуі – Қазақстанның ғылым мен инновация арқылы экономиканы әртараптандыруға ұмтылып отырғанын көрсетеді. Бұл – жаһандық бәсекеге қабілетті болудың басты жолы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ғалым – ұлттың шамшырағы» деген сөзі ғылымға деген терең құрметтің белгісі. Президенттің ғалымдарға артқан сенімі мен жауапкершілік жүгін атап өтуі – ғылым саласында қызмет ететін мамандардың кәсіби беделін арттыруға сеп болады.

Академиялық және қолданбалы зерттеулер арасындағы байланысты күшейту, университеттер мен кәсіпорындардың өзара іс-қимылын дамыту – бұл ғылым мен экономиканың сабақтастығын қамтамасыз ететін негізгі факторлар. Президенттің Satbayev University мысалын келтіруі – бұл бағыттағы нақты жетістіктерді көрсетеді.

Қазіргі әлемдегі экономикалық тұрақсыздық жағдайында Президент ғылымның ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық дербестік тұрғысынан да маңызды рөл атқаратынын еске салып өтті. Бұл – ғылымға тек академиялық орта шеңберінде ғана емес, стратегиялық ресурс ретінде де қарау қажет екенін білдіреді.

Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәлімдемесі – Қазақстан ғылымының даму бағдарына айқын бағыт-бағдар беретін, терең мазмұнды және болашаққа сенім ұялататын маңызды құжат. Ендігі міндет – айтылған бастамаларды сапалы әрі жүйелі түрде жүзеге асыру.

Мәншүк МҰҚАШЕВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, халықаралық Еуразиялық телевизия және радио академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты, Мақат ауданының Құрметті азаматы