1 мамырдан бастап Атырауда су қымбаттай ма?

1 мамырдан бастап Махамбет ауданында су бағасы 36%-ға өседі. Бұл туралы Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы Жанар Дәрібаева ATPress.kz порталына хабарлады.

9 сәуірде уәкілетті орган «Махамбет су» кәсіпорны жеткізетін суға арналған жаңа тарифтерді бекітті. Бұл тарифтер Махамбет ауданының сегіз елді мекені үшін қолданылады. Бұлар – Ақтоғай, Жалғансай, Сарайшық, Ескі Сарайшық, Махамбет, Талдықұдық, Сартоғай, Тандай.

Қазіргі уақытта Махамбетте су бағасы – 1 текше метрге 221,5 теңге. Монополист антимонополиялық органнан тарифті 1 235,4 теңгеге дейін көтеруді сұраған. Алайда уәкілетті орган тарифті 1 текше метрге 301,69 теңгеге дейін өсіруді жеткілікті деп санады. Бұл – судың бағасы 36%-ға қымбаттайды деген сөз.

Аман ШАМАР

Фото pixabay