Атырауда спорт және туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары талқыланды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жиын Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың төрағалығымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Серікқалиевтің қатысуымен өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Ерлан Серікқалиевтің айтуынша, Атырау облысында спорт, дене шынықтыру және туризм саласына 2018-2023 жылдары қомақты қаржы бөлінген. Оның негізгі үлесі жергілікті бюджетке тиесілі.
- Осы кезеңде өңірде 26 спорт нысаны бой көтерді. Дегенмен жалған дипломмен жұмысқа орналасу, іс-сапар шығындарын қолдан көбейту, нысандарды тиімсіз пайдалану, біліктіліктің болмауына қарамастан басшылыққа тағайындау т.б. заңбұзушылықтар тіркеліп, қаржылық тәуекелдердің жалпы сомасы 902 млн теңгеден асқан,- деді Е.Серікқалиев.
Бүгінде департамент тарапынан берілген 22 ұсыныстың 19-ы орындалды. Алайда бейнесәйкестендіру жүйесін енгізу, жалған жол жүру билеттері арқылы төленген қаражатты қайтару секілді ұсыныстар шешімін әлі таппай тұр.
Ал облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының м.а. Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, сыртқы талдаулар нәтижесінде 50 шақты қызметкер жұмыстан босатылды.
- Хоккей және футбол клубтары, сондай-ақ «Атырау» спорт кешені мемлекет меншігіне қайтарылды. Айта кету керек, Атырау облысы ірі туристік аймақ саналмағанымен бұл бағытта даму картасы әзірленіп, бірқатар жұмыс қолға алынды.Туристік инфрақұрылымды жетілдіру, ақпараттандыру және туристік бағыттарды дамыту көзделуде.Туристендіру картасына Сарайшық, Лотос алқабы, Нарын құмы, Ақкегершін таулары, Индер тұзды көлі, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты енгізілді. Басқарма тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, ашықтықты қамтамасыз ету, қаржыны тиімді жұмсау бағытында кешенді және нақты шаралар атқарылып жатыр, - деді Н.Сыдықов.
Сәуле МАҒАУ