Атырауда тұрғын үйден ана мен бала эвакуацияланды (+ВИДЕО)

9 сәуірде сағат 15:27-де Атырау қаласы Сарықамыс-2 ықшамауданы, У.Танашов көшесі бойында орналасқан тұрғын үйлердің бірінің ауласында автокөлік жанып жатқаны туралы шақырту түсті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Өрт сөндіру қызметі шақырту орнына дереу жетіп, «Lada Granta» автокөлігінің жануын және қасында орналасқан уақытша тұрғын үйге қауіп барын анықтады. Облыстық ТЖД Имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, құтқарушылардың жедел іс-қимылының нәтижесінде уақытша тұрғын үйден 1996 жылы туған ана мен 2025 жылы туған сәби эвакуацияланып, «Апаттар медицинасы орталығының» дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Уақытша тұрғын үйге жақын тұрақтаған автокөліктің өртенуі салдарынан үйдің есік, терезелерінің балқуы орын алды. Өрт сағат 15:42-де толықтай жойылды. Өрттің шығу себебі анықталуда. Өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД 9 құтқарушы, 2 техника, «АМО» ММ 3 қызметкер, 1 техника жұмылдырылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ