Жыл басынан бері облыста 6700-ге жуық адам жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Осы жылдың алғашқы үш айында облыста жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында айтты. Басқарма басшысының айтуынша, бірінші тоқсанда 20 200-ден астам азамат мансап орталықтарына жүгінсе, олардың 6 700-ге жуығы жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның ішінде екі мыңдайы тұрақты жұмысқа орналасса, 4 700-ден астамы субсидияланған жұмыс орындарына жолданған. Бұл көрсеткіштің ішінде 2700-дей адам қоғамдық жұмысқа, мың адам «Күміс жас» жобасына, 715 жас маман жастар практикасына жіберілген.
– Біз халықты жұмыспен қамту бағытындағы жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Әсіресе, жастар мен әлеуметтік осал топтар басты назарда. Мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар – олардың еңбек нарығына бейімделуіне үлкен мүмкіндік, – деді П.Хасанов.
Сондай-ақ екі мыңнан астам азамат кәсіптік оқумен қамтылған. Оның ішінде 1 500-ден аса адам онлайн форматтағы Skills бағдарламасы, 482 адам «Бастау бизнес» жобасы арқылы оқытылған. Сонымен қатар жүзге жуық адам «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен қысқа мерзімді курстарға қатысқан.
- Қазіргі уақытта өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрайды. Жастардың жұмыссыздығы – 2,5%.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы тұрғындарға тікелей жұмыс табуға мүмкіндік жасалуда. Биыл облыс бойынша 56 жәрмеңке өткізу жоспарланса, оның 10-ы күні бүгінге дейін өткізіліп үлгерді, - деп атап өтті басқарма басшысы.
П.Хасановтың айтуынша, жергілікті билік жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін ірі жобалармен байланыс орнатып отыр. Мәселен «Теңізшевройл» жобасынан босатылған 17 мың адамның 93 пайызы жұмыспен қамту, оқыту, әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Биыл бұл жоба аясында тағы 5 500-ден аса адам шығады деп күтілуде.
Аман ШАМАР