Атыраулықтардың бүйрегі жиі ауырады... НЕГЕ?

Атырау қаласының тұрғындары зәр шығару жүйесі ауруларымен жиі жолығады. Оның себептері тек климат пен суға ғана емес, сонымен қатар өмір салтына да байланысты. Аурудың алаңдатарлық белгілерін қалай анықтауға болады, урологқа баруды неге кейінге қалдыруға болмайтынын және өңірде қандай заманауи диагностикалық әдістер қолданылып жатқанын жоғары санаттағы дәрігер, Атырау облыстық ауруханасының урология және нефрология бөлімінің меңгерушісі Қуат Есекенов айтып берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қуат Есекенов медицина саласын саналы түрде таңдаған. Атырау ұлттық гимназиясын бітіріп, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түскен. Интернатураны Ақтөбеде өткеріп, кейін урология және андрология бойынша қайта даярлаудан өткен. Дәрігерлік жолын №3 қалалық емханадан бастаған, ал бүгінгі күні облыстық аурухананың урология және нефрология бөлімін басқарады. Күн сайын ол өңірдегі ең көп таралған диагноздардың бірі — зәр тасы ауруына шалдыққан науқастармен кездеседі.

Қазақстанның бас урологы А.Аманов

«Бұл ауру өңір тұрғындары арасында жиі кездеседі. Мұнда судың қаттылығы жоғары, климат құрғақ және ыстық. Адамдар да аз қозғалады, тағамның да құнарлығы төмендеп барады. Зәр шығару жүйесі аурулары ер адамдарда жиі кездеседі» дейді дәрігер.

Ауруға табиғи жағдайлардан басқа да факторлар әсер етеді екен: зат алмасуының бұзылуы, ыстық цехтарда жұмыс істеу, су жетіспеушілігі, тұзды тағамдардың, ірімшіктер мен алкогольдің артық тұтынуы, D витаминінің жетіспеушілігі, сондай-ақ қалқанша бездерінің аурулары. Әрине, жас та маңызды — егде жастағы науқастарда бұл ауруға шалдығу қаупі жоғары.

— Жедел түрде дәрігерге бару себептерінің қатарында — белдің немесе бүйірдің кенеттен ауыруы, бұлшық еттерге, ішке немесе жыныс органдарына беретін ауырсыну, зәр шығарудың бұзылуы, зәрде қан болуы, жоғары қан қысымы, жүрек айнуы мен құсу бар, — дейді уролог.

Урологтың айтуынша, шағымдар болмаса да, профилактика міндетті. 40 жасқа дейін — жылына бір рет, кейін — жылына екі рет тексерілу қажет. Бұл ауруларды ерте кезеңде анықтауға және асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Диагностикаға: жалпы және биохимиялық қан талдауы, зәр талдауы, Нечипоренко бойынша тест, УДЗ, КТ, МРТ және простата безін ректальды зерттеу кіреді.

Қазіргі таңда облыстық ауруханада заманауи әдістер қолданылуда. Өткен жылы денсаулық сақтау басқармасы ДУВЛ аппараты — қашықтан әсер ететін соққы толқыны литотрипсиясын сатып алды. Бұл зәр шығару жолындағы тастарды ультрадыбыспен бұзу әдісі. Ол анестезиясыз және амбулаторлық түрде өткізіледі. Сондай-ақ, уретероскопия, цистоскопия, лазерлік тас үзілуі, трансуретральды резекция және простата безін энуклеациялау, аденома кезінде артерияларды эмболизациялау әдістері де қолданылады.

Ер адамдар арасында МКБ-дан басқа, жиі простата аденомасы, простатит, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, эректильді дисфункция және бедеулік кездеседі. Әйелдерде жиі цистит пен пиелонефриттер болады.

— Мұндай диагноздармен бетпе-бет келмеу үшін сапалы су ішу керек — күніне 1,5-3 литр шамасында, көбірек қозғалу, салқын тиюден сақтану, зәр шығару жүйесінің инфекцияларын уақытында емдеу және үнемі тексерілу қажет, — деп атап өтті дәрігер. — Әсіресе, жыл сайынғы бүйрек пен зәр шығару жолдарының УДЗ маңызды.

Өмір салты да әсер етеді: аз қозғалғыштық зат алмасуды бұзады, созылмалы қабынуларға себеп болады, бұл тек урологиялық аурулардың емес, жүрек-қан тамырлары ауруларына да әкеледі.

Халық медицинасын талқылағанда дәрігер сақтықпен қарайды, бірақ кейбір шөптердің шынымен пайдалы болуы мүмкін екендігін мойындайды.

— Мысалы, шетен жапырақтары, толокнянка, мята, мүкжидек пен арша жидектері, шалфей, шөпшөп, жолақ. Ең бастысы — өз-өзіне ем жасамау және мұндай құралдарды тек дәрігермен кеңескеннен кейін қосымша пайдалану, — дейді ол.

Қуат Есекенов сенімді түрде және нақты айтады. Оның кеңестері қарапайым, бірақ өмір үшін маңызды. 

— Урология — бұл ыңғайсыз тақырыптар туралы емес, өмір сапасы туралы ғылым, — деп қорытындылады ол.

Аружан Ажимкулова,

Аударған: Амандық Сағынтайұлы

Фото: К.Есекеновтің жеке мұрағаты

Профессор О.Құрманғалиев