АTPress.kz. 14 маусым. Бүгін Атырау қаласында басталған «Дарынды ұрпақ - ел болашағы» атты IV облыстық форумы аясында облыс əкімі Нұрлан Ноғаев «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иелеріне салтанатты түрде куәліктерін табыс етті.
Биыл Атырау облысы бойынша 4514 түлек мектеп бітірсе, оның 97-сі жалпы орта білімді «Алтын белгімен», 81 оқушы «Үздік аттестатпен» аяқтап отыр.
Форум барысында сөз алған Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев:
- Түлектердің барлығынан қандай мамандық таңдап жатқандарын сұрағанымда, бірқатары басқа қалаларға оқуға бара жатқанын айтты. Бірі ақпараттық технологияларды меңгеремін, дәрігер боламын, оқытушы боламын десе, бірнеше қыз дефектолог маманы болатынын жеткізді. Барлықтарыңыздың да жолдарыңыз болып, абырой биігінен көрінулеріңізге тілектестік білдіремін, - деді.
Салтанатты шара барысында форумға қатысушы оқушылар мектеп түлектерінің бітіру құрметіне арнап өнерлерін көрсетті.
- Он бір жыл білім нәрімен сусындаған ұстаздарға, жан-жақты сапалы білім алуымызға мүмкіндік туғызған облыс басшылығына мектеп түлектері атынан алғысымды білдіремін. Атырау облысында білім саласына жасалған қамқорлық біздерді алға ұмтылдырып, шабыттандырады. Бүгінге дейін алған білімімізді одан әрі мамандығымызбен ұштастырып, ел үшін аянбай еңбек етеміз деп уәде береміз, - дейді Атырау қаласындағы Д. Байбосынов атындағы 13 ұлттық гимназияның түлегі, «Алтын белгі» иегері Жанерке Халиуллина.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі