Махамбет ауданындағы көпір қашан аяқталады?

ATPress.kz. 18 сәуір. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау облысына қарасты Махамбет ауданындағы құрылысы бітпеген көпір мәселесін көтерді.

«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, депутат көпірдің аса қажеттілігі жөнінде кезінде Мемлекет басшысына баяндағанын, кейін Үкіметке қаржы бөлу тапсырылғанын атап өткен. «Көпір өткен жылы аяқталуы тиіс еді, сонымен қатар биыл жылдың соңында тапсырылып қалуы мүмкін деген үміт болды. Қазіргі қаралып отырған бюджет бойынша 500 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек, қаралып отырған қаржы аясында 2020 жылға дейін жоспар жасалған екен. Сонда тағы да екі жыл күту керек пе?» - деді депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов.

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Атырау облысына өткен аптада жасаған іссапар аясында аталған ауданға барып, көпірдің құрылысымен танысқанын айтты. «Көпірдің құны 9,5 миллиард теңге, оның 6,5 миллиард теңгесі кезінде жергілікті бюджеттен, ал республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді. Енді осы бюжетте 500 миллион теңге бар. Бірақ жобаны толықтай іске қосу үшін тағы да 1,5 миллиард теңге керек», - деп нақтылады министр. 

Қазіргі таңда бюджетте Атырау облысының жергілікті жолдарына 4,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның 1,1 млрд теңгесі өңір бюджетінен болса, қалған 3 млрд теңгеден астам қаржы республикалық бағыттан бөлінеді. «Облыс әкімдігі бізге қай жер мен жолға қанша қаржы керектігін түсіндіруі керек. Біз бөліп отырған соманың 1,5 миллиард теңгесін облыстың қажет болса сол көпірге жұмсауға мүмкіндігі бар және бұл мәселені қарастыруға дайынбыз», - деп түйіндеді министр. 

 

Бек Әзберген