Қарабатанда шыққан өрт бойынша тергеу жүріп жатыр

ATPress.kz. 2 наурыз. Қарабатанда орын алған өрт салдарынан қаза тапқандардың отбасына материалдық көмек көрсетіледі.

Бұл туралы Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «PSI Story industriya» АФ ЖШС мердігерлік ұйымының жобалық менеджері Ержан Садирбалин хабарлады.

Қазіргі таңда Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпановтың басшылығымен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысының орынбасары Замир Бердашевтің хабарлауынша, жұмысшылардың бірінің денесінің 65 %- ын күйік шалған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Екінші зардап шегушінің денесінің 10-15%-ын күйік шалған, ол жарақат бөліміне орналастырылған. Олардан бөлек төрт жұмысшының екеуіне алғашқы медициналық көмек көрсетілген, оларға амбулаториялық емдеу тағайындалған.

- Өрт таңертең 8.10 да шыққан, 8.19 да өрт туралы ақпарат «Батыс сервис плюс» мемлекеттік емес өртке қарсы қызметіне келіп түсті. Біз 42 км қашықтықта болдық. Біздің бөлімшелер өрт орнына келді. Сондай ақ 10 км қашықтықта НСОС компаниясының Қарабатандағы апаттық қызметі орналасқан, оларда өрт сөндіру жұмысына қатысты, - деп мәлімет берді Замир Бердашев.

«PSI Story industriya» АФ ЖШС мердігерлік ұйымының жобалық менеджері Ержан Садирбалиннің айтуынша, контейнерлік жатақханада болған өрт салдарынан қаза болған барлық адамдар Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары. Олар компанияда жөндеуші-монтаждаушы болып жұмыс жасаған. Компания өкілінің айтуы бойынша, қазіргі уақытта аталған нысанның жұмысы тоқтатылған. «Компания басшылығы қаза болғандардың отбасына материалдық өтемақы төлеп, сондай ақ зардап шеккендердің еміне қажет қаражатты төлейді», - деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта өрт болған жерде шұғыл тергеу тобы жұмыс істеуде. Тексеру нәтижелері кейінірек хабарланатын болады. Алдын ала болжам бойынша, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. 

 

Бек Әзберген