Енді туу туралы куәлікке SMS арқылы тапсырыс бересіз

ATPress.kz. 30 желтоқсан. Енді қазақстандық аналар сәбиінің туу туралы куәлігіне SMS хабарлама арқылы тапсырыс бере алады.

Zakon.kz сайтының хабарлауынша, сәби жарық дүние есігін ашқан сәтте анасының ұялы телефонына нәрестенің туу туралы куәлігін рәсімдеуге тапсырыс беру ұсынысы жолданған SMS хабарлама келіп түседі екен. 

Яғни, 29 желтоқсаннан бастап, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, жаңа жобаны іске қосқан. 

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов өзінің Facebook желісіндегі парақшасында: «Енді туу туралы куәлікті рәсімдеуге өтініш автоматты түрде қабылданатын болады. Барлық мәліметтер түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық желілері арқылы алынады. Ал, жетіспеген мәлімет немесе құжат қызметке жүгінушіден SMS хабарлама арқылы cұралады. Аталмыш жоба еліміздің барлық аймақтарында іске қосылды», - деп атап өтті.

Аталмыш қызметке жүгінем деушілер электронды үкіметтің арнайы базасында тіркелген болуы тиіс. 

 

Бек Әзберген