ATPress.kz. 20 қараша. «Азаматтардың мүддесі үшін қылмыстық процесті оңтайландыру» пилоттық жобасының жаңалығы неде? Құрманғазы аудандық прокуратурасы ұйымдастырған «дөңгелек үстел» шарасында мамандар осы сауалға жауап берді.
«Жобаның негізгі мақсаты – сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесін аз уақыт ішінде жеделдетіп аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдау болып табылады. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді заңсыз бастауды тоқтату, азаматтардың қылмыстық процеске негізсіз тартылу фактілеріне жол бермеу. Жоба аясында 35 қылмыстық іс өндірістен аяқталып, сотқа жолданды. Прокуратураның үйлестіруімен ішкі істер бөлімінің ғимаратынан техникалық құралдармен жабдықталған және бейнебақылау камералары орнатылған екі ашық тергеу кабинеті жасақталып, пайдалануға берілді», - деп атап өтті аудан прокурорының орынбасары М. Рахимов.
Сондай ақ, шарада «Құқық қорғау қызметінің процессуалдық негізін жаңғырту мәселелері бойынша» заң жобасының жаңалықтары таныстырылды. Жоба екі бөліктен тұрады. Бірінші бағыт адам құқығын қорғауды күшейтсе, екінші бағыт процесте уақыт үнемдеуге бағытталған. Мәселен, азаматтарды соттың санкциясынсыз ұстау мерзімі 72 сағаттан 48, кәмелетке толмағандарға қатысты 24 сағатқа дейін қысқартылып отыр.
Қ. Ғұмаров