Әйелдер түрмесінде дойбы мен тоғызқұмалақтан жарыс өтті

ATPress.kz. 10 желтоқсан. Әлемдік мәдениетінің озық үлгілерімен иық теңестіре алатын зияткерлік ойын, логикалық ойлаудың озық жүйелерінің бірі – «тоғызқұмалақ» ойыны. Жаза басып, опық жеген сотталушылар да салауатты өмір салтын қалыптастыруды қолдайды.

Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты  УГ 157/11 әйелдер түзету мекемесінде Атырау облысы Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының ұйымдастыруымен «Тоғызқұмалақ және дойбы» ойынынан жарыс өтті. 

Шараға «Шапағат» ҚҚ директоры М.Турлыбеков, Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы М.Құбышев, теолог Б.Жолдасов, баспасөз қызметшісі Ж.Жұмағалиева, социолог Қ.Омарқұлова және психолог С.Нұрбекова қатысты.

Атырау қалалық №1 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Қ.Әшетов  тоғызқұмалақ ойынының шартымен таныстырды. Тоғызқұмалаққа ойынының жаттықтырушылары А. Сүлейменова мен Ж. Қадірәлиева, дойбыдан Е. Усенов ойынға төрелік етті.

Шара соңында «Шапағат» орталығының теологы Б.Жолдасов «Исламдағы отбасы аманаты» тақырыбында уағыз жүргізді. «Отбасының мемлекетті құраушы фактор екені белгілі. Кемеңгер бабаларымыз  «Әйел-бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді» дейді. Халқымыз «ақ неке», «адал неке», «адал жар» деген ұғымдармен отбасының, некенің қасиеттілігін ардақтап келеді. Отбасы шағын мемлекет болғандықтан, қоғамда отбасын құру, оны сақтау мәселесі өзектілігін ешқашан жоймақ емес. Қазіргі кездегі кейбір жастардың отбасын құрып, оны сақтау мәселесіне атүсті қарап, тіпті оны ойыншыққа айналдырып бара жатқаны көңіл қынжылтарлық жағдай болып отыр. Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Неке ер мен әйелдің өз еріктерімен өмір бойы бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін материалдық-рухани байланыс» деп сөзін қорытындылады теолог.

Аталған шараға 60 сотталушы әйел қатысты. 30 әйел дойбы, 30 әйел тоғызқұмалық ойынынына қатысты.

 

Жанат Жұмағалиева,

«Шапағат» орталығының баспасөз қызметі