ATPress.kz. 31 наурыз. Атырауда «Бекіре-2018» балық қорғау акциясы басталды. Акция кезінде өзен патрульді он катер, шағын тоғыз қайық және жиырма бірлік автокөлік жұмыс жасайды.
Бұл туралы Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетов мәлімдеді.
«Бекіре-2018» ірі көлемдегі акциясының үйлестіру штабы өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз жиынында спикер Данияр Баймағамбетов браконьерлермен күресу үшін 63 мемлекеттік балық қорғау инспекторы және «Ақжайық» резерватының 15 жұмыскері жұмылдырылатынын да атап өтті.
«Атырау облысында жалпы саны 17, оның ішінде Жайық өзенінде 9, Құрманғазы ауданында 5, теңізде жылжымалы 3 теңіз пункті жұмыс істейді, олардың 6-ы стационарлық және 11-і мобильді бекет», - дейді ол.
Және бір атап өтерлігі, балықтардың уылдырық шашатын жерлерге кедергісіз өтуін қамтамасыз ету, сондай-ақ заңсыз балық аулауға тыйым салу үшін, мемлекеттік инспекторлар су қоймаларына тазарту жұмыстарын жүргізетін болады. Бұдан басқа, теңіз жағалауында 4 балық түсімі болады, оның ішінде Дамбы кентінің Сасық аумағында Жайық өзені жағалауында, сондай-ақ Құрманғазы ауданында 11 балық қабылдау пункті жұмыс істейді. Инспекция бұл бақылау алаңдары үшін шамамен 20 инспекторды міндетті қылуды жоспарлап отыр.
Брифинг барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Марлен Айнабеков аймақта тереңдету жұмыстарының басталғанын мәлімдеді. «Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Бағдарлама үш жылға есептелген, 4 миллиард теңге «Жайық» және «Қиғаш» өзендерінің арналарын тазалауға бөлінетін болады», - деді спикер.
Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Атыраудағы екі бекіре зауытын қайта құрудың жоспарланғанын мәлімдеді. «Қазір екі зауытты - Жайық-Атырау және Атырау бекіре зауыттарын қайта құру және жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл табиғи ортаға 30 миллион шабақ жіберуге мүмкіндік береді», - деді Марлен Айнабеков.
Бүгінгі күні екі бекіре өсіру зауыты теңізге және Жайық өзеніне жылына 7 млн. шабақ жібереді. «Бекіре-2018» акциясы 1 сәуірден 31 мамырға дейін жалғасады.
Бек Әзберген