АTPress.kz. 29 мамыр. Бүгін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қаладағы «АтырауЖылуЭлектрОрталығында» болып, ондағы жұмыс жүйесімен танысты. Мұндағы мақсат - кәсіпорынның 2017-2018 жылдың жылыту маусымына дайындығын пысықтау.
«АтырауЖылуЭлектрОрталығы» АҚ Атырау қаласындағы басты электр өндіруші кәсіпорын. Тек электр жарығын өндіріп қана қоймай, Атырау халқын жылумен қамтамасыз етіп келеді.
Іс-сапар барысында Нұрлан Ноғаев мекемедегі жұмысшылардың да еңбек жағдайына да назар аударды. Аталған мекемеде қазір 1200 тарта адам еңбек етіп келеді. Орташа айлық жалақысы 160 мың теңге. Қызметкерлердің арасында кәсіпорынның жұмысымен елу жылдан аса уақыт таныс, тәжірибелі мамандар да бар. Олар жұмыс жүйесінің жылдан-жылға автоматтандырылып, жаңарып келетіндігін айтады.
Сонымен қатар, комиссия мүшелері бірқатар маңызды мәселерді талқылады. Соның бірі Балықшы ықшам ауданындағы жылу қазандығының жұмысы. Қала әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметіне сүйенсек, аталған ықшам аудандағы қазандықтың жұмысы өткен жылыту маусымында үлкен қиындықтар тудырған.
Комиссия мүшесі, қала әкімі Серік Шәпкенов Балықшы ықшам ауданын орталық жылу жүйесіне қосу жөнінде үш сатыдан тұратын жоба жасақталып жатқандығын айтты.
- Бұл жоба 2018-2019 жылғы жылыту маусымында іске қосылады. Балықшы ықшам ауданындағы жылу қазандығы жылыту пункті болып қайта жаңартылады. Ол жерге жылу жүйесінің барлығы «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» арқылы баратын болады, - деді С.Шәпкенов.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі