Тұрмыстық қалдықтардан құрылыс заттары жасалады

ATPress.kz, 31 қазан. Атырауда енді тұрмыстық қалдықтарды бөлек тастайтын арнайы қоқыс жәшіктері қойылатын болады.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде жыл сайын 500 мың тоннаға дейін қағаздар мен картондар, 300 мың тонна шыны, 200 мың тонна металл, 500 мың тонна пластмасса сияқты тұрмыстық қатты қалдықтар «қоқысқа» шығарылады екен. Бұдан былай мұндай ресурстарды екінші рет пайдалану мүмкіндігі туып отыр.

Бұл инновациялық жобаны атыраулық жас кәсіпкер Асылхан Байбатыров «ATYRAU INNOVATION» облыстық байқауында қорғап, 300 мың теңге сертификатына ие болды.
- Ол үшін тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарды арнайы орынға тастауы жеткілікті. Біз пайдаланылған құтылар мен сынған кафельдерді өңдеп құрылыс материялдарын жасау арқылы оларға екінші өмір береміз. Бұл еліміздің экономикалық, экологиялық жағдайына да оң әсерін береді, – дейді А.Байбатыров.

Жастар инновациялық жобалар байқауында 10 талапкер өздерінің жобаларын қорғады. Үздік жобалардың қатарында құрылыс мекемелерімен сөйлесуге арналған IT қолданбасы, «электронды мәзір» жобалары бар. «Электронды мәзір» жобасын APEC PetroTechnic колледжінің студенті Жалғас Исмұханов ұсынды. Жаңа идея қонақ үйлер мен мейрамханаларда клиенттердің даяшыны күтпей-ақ тапсырыс беруіне арналған. Қазір Атыраудағы бірқатар мейрамханалар мен кафелерден қолдау тауып отыр, - дейді жоба авторы. Аталмыш жоба байқауда 2-ші орынды еншілеп, 150 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.

Биылғы инновациялық жобалар байқауының ерекшелігі біз қатысушылараға алдын-ала тегін тренинг ұйымдастырдық. Талапкерлерге Алматы, Астана қалаларынан жаттықтырушылар келіп дәріс берді. Жеңімпаздардың жобалары жүзеге асуға толыққанды дайын, - дейді ұйымдастырушылар.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі