ATPress.kz. 6 желтоқсан. Бақытжан Сағынтаев Индустрияландыру күні аясында ҚР Президенті сыйлығының иегерлерін марапаттады деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Салтанатты марапаттау «ЕХРО Конгресс-орталығында» өткен. Шара аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары, «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының, «Іскер» арнайы сыйлығының және «Ұлы дала елі» «қолшатыр» брендін пайдалануға құқық беру байқауының жеңімпаздары марапатталған.
Жеңімпаздар барлық ынта танытушылар қатыса алған ашық онлайн-дауыс беру нәтижелері бойынша анықталды.
Бақытжан Сағынтаев өнімдер мен қызметтердің сапасы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары тиімді басқару әдістерін енгізу бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткізгені үшін атыраулық «РауанНалко», «Қасқор-Машзауыт», «AVAGRO» компанияларына «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыстады.
Сондай-ақ, «Алтын сапа» сыйлығының иегерлері «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациялары бойынша марапатталды, қосымша «Үздік индустриялық жоба», «Үздік инновациялық жоба», «Сапа көшбасшысы» және «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациялары бойынша марапаттар табысталды.
Айта кеткен жөн, биыл «Алтын сапа» байқауына еліміздің барлық өңірінен 100 астам өтінім ұсынылды.
Бек Әзберген