«Даму» қоры арқылы 381 жоба қолдауға ие болған

ATPress.kz. 23 мамыр. Атырау облысы бойынша «Даму» қоры арқылы алты жылдың ішінде 54 млрд теңгені құрайтын 381 жоба қолдауға ие болған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберіндегі жұмыстар субсидиялау негізінде жүзеге асып отыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау аймақтық филиалының директоры Әлия Өтепқалиева мәлімдеді. Оның айтуынша, қаржыландырылған жобалардың ішіндегі 124-і ауылдағы бизнес нысандарына тиесілі. Ал әйел кәсіпкерлер арасында 181 жоба мақұлданған.

Мемлекеттік құжаттың бірыңғай бағдарламасы аясында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бүгінде несие көлемі 5 млрд теңгені құрайтын 179 жобаға кепілдеме берілген.  

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Даму» қоры жанынан «Даму-Оптима», «Алтын кеме» бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Осы орайда, биылдан бастап Кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылған. Мұнда бизнесті қалай ашудан бастап оның механизмдерін түсіндіру секілді қызметтер тегін көрсетіледі.

 

Айдос Қарабала

Фото Нұрбейбіт Нұғымановтікі