ATPress.kz, 25 қазан. Статистикалық мәлімет бойынша Атырау облысында 15 мыңға жуық азамат жұмыссыз. Ағымдағы жылдың есепті кезеңі бойынша жұмыспен қамту бөлімдеріне жұмыс сұрап тіркелген 14 350 адамның 6 700-і ғана қызметке орналасты.
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде берген сұхбатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиева мәлім етті.
Жұмыссыздықты азайту мақсатында үстіміздегі жылы 53 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, 1740 адам тұрақты қызметке орналасқан. Маманның айтуынша, бөлімге келген жұмыссыз азаматтардың арасында ұсынған қызметтен жалақының төмендігін айтып бас тартатындар да кездеседі.
- Облыста ағымдағы жылы 12043 жаңа жұмыс орны құрылып отыр. 2016 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін Үкіметтің арнайы қорынан 1,4 млрд. теңге бөлінді. Бағдарлама аясында 2700 адам жұмыспен қамтылды, - дейді Б.Өтеғалиева. Сонымен қатар, облыста бүгінде 19920 азамат мүмкіндігі шектеулі ретінде тіркеуде тұрса, жұмысқа қабілеті бар 121 адам тұрақты қызметке орналасқан.
Күні бүгінге дейін облыс бойынша табысы кедейлік шегінен төмен 2450 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек, 14050 бала мен жасөспірімге жәрдемақы төленген. Бұдан бөлек 776 отбасы тұрғын үй көмегімен қамтылып отыр.
Нұрбейбіт Нұғыманов