Атырау облысында кәсіпкерлер саны артып келеді

ATPress.kz. 3 сәуір. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар есебінен Атырау облысында кәсіпкерлер саны артып келеді. Мәселен, өткен жылы Атырау облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1543,5 млн теңге бөлініп, 312 жоба қаржыландырылған. Нәтиж

Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, 711 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алған кәсіпкер Махамбет ауданы Алмалы ауылынан отбасылық дәрігерлік амбулатория ашқан. «Start up-Академия» жобасы аясында «Даму» қорының Атырау облысындағы бөлімшесінің көмегімен ашылған амбулаторияның жұмыс істегеніне бір жыл толып отыр. «Балаларды да, үлкендерді де қабылдаймын. Күніне үш-төрт адам келеді. Мақсатым - емдік массажды барынша тиімді ету. Мысалы, массаж қалада 4000 теңге болса, менде 1000, 1500 теңге. Алға қарай кеңейтіп, жер алып, үлкен ғимарат салғым келеді. Мемлекеттің қолдауы бар жерде бұл ойымның жүзеге асарына сенемін», - дейді Райхан Хайруллина.

Жеке кәсіпкер Өтеміс Жұмағалиев «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жылыжай құрылысына 14 пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау түріндегі қолдауға ие болған. Бағдарлама аясында мемлекет субсидияның 7 пайызын төлейді. Биыл көктемде 2 гектар жылыжайдан 30 тоннаға жуық көкөніс жиналды. Оған қоса шаруалар тыңайтқыштар сатып алуға субсидия алады. Қазір кәсіпкердің жылыжайының алаңы екі гектар, онда 30 адам жұмыс істейді. 2014 жылдан бері мұнда 200 тонна қызанақ, 100 тонна қияр, 3 тонна тәтті болшар бұрышы өндірілді.

 Айта кету керек, мемлекеттік бағдарламалармен бірге Атырау облысында кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламасы да бар. Мысалы 2017 жылы «Бизнес Аймақ» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 350 млн. теңге бөлінді. Сол арқылы 67 бизнес жоба жүзеге асып, 123 жұмыс орны құрылды. «Алтын кеме» бағдарламасы бойынша 304 млн. теңгенің 13 жобасы мақұлданып, 25 жұмыс орны ашылды.

 

Тасым Әбіш