ATPress.kz. 12 наурыз. Атырау облысында шамадан тыс жүк тиеген екі жүк көлігі жүргізушілері ұсталды. Құқық бұзушылар 10 тоннадан аса жүкті құжатсыз тасымалдап өтпек болған.
Жылыой аудандық әкімдігі баспасөз-қызметінің хабарлауынша, оқиға 7 наурыз күні орын алған. Яғни Жылыой ауданының «Құлсары – Ақкиізтоғай» бағытындағы тас жолында Атырау облыстық көліктік бақылау инспекциясы мамандары «Howo» маркалы екі жүк көлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде көліктерде он тоннадан аса «сусымалы топырақтың» тасымалданғаны белгілі болып отыр.
«Салмақтық параметрлері рұқсат етілген мөлшерден 10 тонна, тіпті одан да асып түскендіктен, көлік жүргізушілеріне 216 мың 450 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал, жүк көліктері айып тұрағына қойылды. Сонымен қатар, екі көлікті қосқанда жүріп өткен жолы үшін олардан 41 мың 500 теңге алым сомасы өндірілетін болады», - дейді Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің жетекші маманы Батырбек Шеркешбаев.
Тасым Әбіш