ATPress.kz. 6 ақпан. Атырауда салафилік (деструктивті ағым) ағымды ұстанушылардың автобус жүргізушілерінен ақша бопсалап келгені анықталып отыр. Қылмыстық топты ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті қолға түсірді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабар таратқан «Қаз Ақпарат» мәліметінде, ақша бопсалау қылмысының екі жыл бойына кедергісіз жалғасып келгені айтылады.
«Атырау - Астрахан», «Атырау - Орал», «Атырау - Бейнеу» бағыттарында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатындардан ақша қаражаттарын бопсалаумен жүйелі түрде айналысып келген адамдар тобы құрықталды. Аталған бағыттарда 200-ге жуық автокөлік қатынап отырған» делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетерлігі, әр көлік жүргізушісінен алынатын заңсыз «алым-салықтың» көлемі де әртүрлі болып келген. Жазылмаған «ставка» мөлшері 5 мың теңгеден басталып, 25 мың теңгеге дейін жетіп отырған. Ұсталған қылмыстық топ мүшелерінің деструктивті бағыттағы, яғни «салафилік» ағымның ерушілері екендігі анықталып отыр.
Қазіргі таңда ұсталғандардың үстінен ҚР ҚК-нің 194 бабы 2 бөлігінің 2 және 3 тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары басталды.
Бек Әзберген
Сурет: inform.kz