ATPress.kz. 1 наурыз. Атырау облысының экология департаменті мұнай төгілген кен орнының топырағын тексеруді бастады. Бұл тексеріс 23-ші ақпан күні Жылыой ауданындағы «Морское» мұнай кен орнының №502 мұнай ұңғымасында мұнайдың төгілу фактісіне орай жүргізі
Алдын-ала мәліметтер бойынша, мұнайдың шамамен 750 шаршы метр аумаққа төгілгендігі анықталып отыр, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі. Бұл - мұнайдың бұрғылау қондырғысының аумағына ғана төгілгендігін көрсетеді. Қазіргі уақытта аумақ төгілген мұнай қалдықтарынан тазаланды. Қалдық Маңғыстау облысындағы мұнай қалдығын қабылдайтын арнайы полигонға жөнелтіледі. Ал, Атырау облысы экология департаментіне топырақтың ластану дәрежесін және қоршаған ортаға келтірілген залалдың деңгейін анықтау жүктеліп отыр. Осы мақсатта топырақ сынамасы алынды.
Сараптама нәтижелері белгілі болғаннан кейін қоршаған ортаға келтірілген залал деңгейі бағаланады. Сондай ақ, мұнай төгілу оқиғасын уақытында хабрламағаны үшін, жер қойнауын пайдаланушыға қатысты шаралар қабылданады.
Жылыой ауданының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлының хабарлауынша, оқиға орнында себептерін анықтап, мұнай төгілу салдарын жою мақсатында, экология департаментінен бөлек, барлық жауапты органдардың өкілі жұмыс атқаруда. Жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.
Бек Әзберген