Малшының қорасынан бір түнде 250 қой ұрланған

ATPress.kz. 5 сәуір. Өткен жылдың желтоқсан айында бір малшының қорасынан түнде 200-ден астам қой ұрланған. Содан бері іздегенмен нәтиже жоқ.

Бізге хабарласқан К. Жалғасбай, Ж. Кенжебаев, С. Шөменов, Қ. Жамбылов, С. Шөменов есімді Бөдене ауылының тұрғындары «Алғабас - Жорық» каналы бойында отырған Азамат деген малшының қарауына жеке меншік қойлардың қосылғанын айтады. Алайда, бір түнде қойдың жоғалып кеткені жөнінде хабар келіп, іздеуге шығады. «Табылады» деген үмітпен тұрғындар полицияға шағым түсірмей іздей беріпті. Ал, малшы қораның есігін ашып, біреу әдейі алып кеткенін айтатын көрінеді. «Жоғалған малдың саны – 250-ге жуықтаса, оның бір түнде із түссіз жоғалып кетуі тіптен мүмкін емес», - дейді қарайған малынан айырылғандар. 

Бұл фактіні жақында Индер аудандық әкімдігінде өткен мәжілісте жергілікті полиция басшысының міндетін атқарушы Р. Мұратов растады. Алайда мал иелері полицияға шағымданбай өздері іздей беріпті.

Тұрғындардың малдың ізіне түсіп, жауаптыларды анықтап, шығынды өтеп беруге көмектесу жөніндегі хаттарына орай аудан прокуроры А. Жұмабековке және аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы И. Сұлтановқа сауал жолданған болатын. Бүгінде іс қолға алынуда.

 

Ж. Ісім