ATPress.kz. 5 маусым. Атырауда ауа құрамын зерттейтін құрылғы жоқ. Жабдықтар соңғы 3-4 жылдықта жаңартылмаған. Бұл табиғат қорғау бағытындағы іс-шараларға кедергі келтіріп отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов мәлімдеді. Оның айтуынша, жағымсыз иіс жөнінде қала тұрғындарынан күніне көптеген арыз-шағымдар келіп түседі. «Біздің қызметкерлер тәулік бойы ауа құрамын қолда бар жабдықтармен бақылап отырады. Бізде ауаның ластанғанын зерделейтін технология жоқ. Себебі әлі күнге Қаржы министрлігінен қаражат бөлінбей келеді. Алайда, бұл іске бүгінде жергілікті әкімдік көмектесіп отыр. Жеткілікті қаржы бөлінді, тендер жарияланды. Енді жылжымалы зертхана ашуды жоспарлап отырмыз», - дейді департамент басшысы.
Сондай-ақ, баспасөз конференциясына Атырау облысының прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан және т.б. табиғат қорғау мекемелері қатысты. Қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған брифингте өңір экологиясының проблемалары мен шешім жолдары сөз болды.
Тоқтала кетейік, 2016-2017 жылдары прокуратураның ықпалымен табиғат қорғау саласында 12 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 502 заң бұзушылық анықталып, оның 390-ы жойылған.
Бүгінде заң бұзушылықтарға тосқауыл қою мақсатында прокуратура органдарымен 129 ұсыныс енгізілген. Заңды белшеден басқан 504 тұлға жауапкершілікке тартылып, мемлекет пайдасына 3,3 млрд тенгеден астам қаражат өндіріліпті.
Айдос Қарабала
Фото Рахим Қойлыбаевтікі