ATPress.kz. 12 қаңтар. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілердің қызметтік көлікті жеке мақсатқа пайдалану деректері туралы кез келген адам хабарлай алады. Өйткені, Атырау облыстық әкімдігі қызметтік көліктерге айрықша белгілерді жапсыру акциясын бастады.
Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, айрықша белгіде Атырау қаласының гербі мен жедел желі телефон нөмірі бейнеленген. «Сол арқылы әкімдіктің қызметтік көліктерін жұмыстан тыс мезгілде пайдалану деректері туралы хабарлауға болады», - дейді Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Дәурен Бектұрғанов.
«Бұл шара республика бойынша өтіп жатыр. Айрықша белгі жүргізушілердің және мемлекеттік қызметшілердің көлікті жеке мақсатқа пайдаланғанын анықтауға көмектеседі. Статистика 2017 жылы мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алған құқық бұзушылықтардың 90 пайызы қызметтік көлікті жеке мақсатқа пайдаланумен байланысты болғанын көрсетіп отыр», - дейді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Бірінші медиа орталықтың» басшысы Табылды Біржанов.
Бек Әзберген