Атырауда өткен жылы заңсыз айналымнан 107 тонна балық алынды

ATPress.kz. 2 ақпан. Өткен жылы су полициясы мен облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы екі мыңнан астам заң бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде, 125 қылмыстық іс жүргізіліп, 35 млн теңгеге жуық айыппұл өндірілді. Заңсыз айн

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен балық шаруашылығын дамыту мәселесіне арналған көшпелі жиналыста облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетов күзгі балық аулау маусымында барлық су айдындары мен балық қабылдау бөлімшелері қатаң бақылауда болғанын мәлімдеді. Соның нәтижесінде балық шаруашылығы субъектілерінің квотаны игеруі соңғы 8 жылда алғаш рет 87,3 %-ға жетті.

«Алға қарай да браконьерлікпен күресті тиімді жүргізу үшін балық аулауға мемлекеттік бақылау механизмін жетілдіріп, заңсыз балық аулаушыларды еркімен жіберетін амал-айлаларды құрықтау керек. Салада «болмашы» квотамен жүру сынды ұйымдастырушылық-құқықтық проблемалар туралы айтып отырмын. Екі жыл қатарынан квотаның 50%-ын игермегендерге қайтып мұндай мүмкіндік бермеу керек», - дейді Данияр Баймағамбетов.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, қазір ресми ауланған балық көлемі 10 мың тонна болып отыр. «Мен кооперативтердің заңсыз балық аулауды қолдап отырғанын нақты айта аламын. Сіздер заңды қатайту керек дейсіздер, бірақ браконьерлердің қылмыстық жолмен аулаған балықтарын қабылдайсыздар. Бұлай болмайды. Жауапты адамдар аймақтағы барлық балық аулайтын мекемелерге бақылауды күшейтулері қажет», - деді Нұрлан Ноғаев.

Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан мәліметке сәйкес, өткен жылы су полициясы мен облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы екі мыңнан астам заң бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде, 125 қылмыстық іс жүргізіліп, 35 млн теңгеге жуық айыппұл өндірілді. Заңсыз айналымнан 107 тонна балық алынды. 

 

Бек Әзберген

Сурет Рахим Қойлыбаевтікі