Атырауда алаяқтық жасаған прокурор сотталды

АTPress.kz. 6 маусым. Атырау қаласының №2 сотында қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, алаяқтық жасаған прокурорға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, сотталушы мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам бола тұра қылмыстық ісі сотта қаралып жатқан жәбірленуші Б.-ны қорқытып, істің оң шешімін табуына уәде беріп, жәбірленушіден 2 миллион теңге талап еткен. Жәбірленуші оның айтқандарына сеніп, қылмыстық пиғылын сезбестен оған 2 миллион ақша берген.

Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлағанындай, прокурор жәбірленушіге қатысты қылмысын мұнымен тоқтата салмаған. Сотталушыға сот үкімі шыққанына қарамастан және 2 миллион ақша алғандығымен тоқтамай, өзінің қылмыстық әрекетін жалғастырып, одан тағы да 2 500 000 теңге талап еткен. Кейін амалы таусылған жәбірленуші прокурордың өзін алдап жүргенін сезіп, оның заңсыз әрекеттерін тоқтату үшін құқық қорғау органдары қызметіне арызданған. 

- Сот үкімімен прокурор Қазақстан Республикасы 190 бабының 3 бөлігінің 1, 2 тармақтарымен, 24 бабының 3 бөлімі, 190 бабының 3 бөлімі 1, 2 тармақтарымен кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы және жеке меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған мүлкін мемлекет кірісіне тәркілеу жазасы тағайындалды. Сонымен қоса, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалған, - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Мереке Асанова

Сурет Рахим Қойлыбаевтікі