7 адамды алдап кеткен алаяқ әйел іздестірілуде

ATPress. 6 мамыр. Атырауда 7 адамды сан соқтырып, қаржысын қалтасына басқан алаяқ әйел іздестірілуде. Ол жәбірленушілердің әрқайсысынан 52-55 мың теңге аралығында ақша алып, мектеп бітіру кешін өткізіп беруге уәде берген.

Атырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5 маусымда алаяқ әйелдің үстінен №2 қалалық полиция бөліміне арыз-шағым келіп түскен. Жәбірленуші 1966 жылы туған азаматша: «Алаяқ қызымның мектеп бітіру кешін ұйымдастырып беремін деп, тақырға отырғызып кетті», - дейді. 

Полицейлер жедел іс-шара барысында əйелдің жеке басын анықтаған. Ол «Нұрсая» ықшам ауданында тұратын, 1980 жылы туған азаматша болып шықты. Сондай-ақ, ол бұрын дәл осындай алаяқтық әрекетімен істі болған. Қылмыстық кодекстің 190 бабы, 1 бөлімі бойынша жауапкершілікке тартылғаны расталды.

Бүгінде алаяқ әйелді бұлтартпай ұстау шаралары жүргізілуде.

 

Айдос Қарабала

Фото stroyobzor.ua сайтынан алынған