ATPress.kz. 15 маусым. Бүгінгі қазақ журналистикасының келбеті һәм ахуалы туралы сөз қозғағанда, қоғамдағы сан алуан пікірлерге жолығамыз. Бірі – журналистер қауымы рухани тәуелсіз, сөз бостандығын берік ұстанады деген пікірін білдірсе, екіншісі – қазақ ж
Әрине, қанжардың екі қыры болатыны секілді, бұл тақырыпта саралап, салмақтайтын мәселе жоқ емес. Осы орайда, қазақ журналистикасының бүгінгі бейнесі, саясатпен астарланған мүддесі туралы саясаттанушы Айдос Сарыммен сұхбаттастық.
- Айдос Әміроллаұлы, соңғы кездері қазақ журналистикасы жөнінде жиі пікір білдіріп жүрсіз. Бұған не түрткі болды?
- Шынын айту керек, біздің елде үгіт-насихат бар, бізде жап-жақсы публицистика бар, бірақ шынайы журналистика жоқ. Рас, қазақ баспасөзі осы кезге дейін құруға жол бермеген қазақ партиясының рөлін атқарып келді. Көп мәселеде қоғамды біріктіре білді. Бұл қазақ журналистикасының, қазақ баспасөзінің үлкен жетістігі, жеңісі. Енді заман күрделеніп келеді. Журналистика өзінің тікелей міндетін атқаруға кірісу керек сияқты. Тікелей міндеті – журналистік іздеу, журналистикалық зерттеулер, тек байбалам салатын емес, әр нәрсенің байыбына баратын, тереңнен қаузайтын аналитикалық журналистика қажет. «Мінекей, əкімшіліктің жиынына келдім, кім, не айтты?» - деп соны бере салу, бұл журналистика емес. Оның кез келген әкімдіктің баспасөз қызметі сен үшін де жазып бере алады. «Ал ол неге былай айтты, неге мынадай цифр, неге мынадай бағдарлама қабылданды, қоғамның пікірі қалай, шын нарықтағы жағдай қалай», - деген журналистиканы көп болды менің көрмей жүргеніме. Менің ойымша, бүгінгі күні қоғам да бірте-бірте пісіп келе жатыр, бұрынғыдай емес. Неге, көптеген дәстүрлі баспасөздің таралымы төмендеуде? Ол да бәлкім, осы журналистиканың дағдарысының белгісі, нышаны шығар. Бүгін байқасаңыз, дәстүрлі теледидардың өзі интернетпен жарыса алмай қалды, интернеттегі жаңалықты кешке береді. Газеттер мүлдем ілесе алмайды. Сондықтан, дәстүрлі баспасөз дейтін болсақ, олардың басты міндеті – тереңнен қазу, интернет бере алмайтын ақпаратты беру, ол бара алмайтын тереңдікке бару. Әрине, интернеттің пайдасы да көп. Адамның санасына ақпаратты қабылдау тұрғысынан тигізетін зияны да бар. Сондықтан әр нәрсенің орны болуы керек сияқты.
- 28 маусымда байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Осы дата нақты бекітілгенге дейін, кәсіби мереке «жетімнің күйін кешіп», маусымның соңғы жексенбісіне таңылғаны бар. Атаулы күнге қатысты сіздің пікіріңіз қандай?
- Иә, сөзіңіздің жаны бар. Біз баспасөз күні деп тойлап жүрген мейрам 28 маусым да дұрыс емес, менің ойымша. Себебі бұл кезінде «Дала уәлаяты» деген отаршыл газеттің туған күніне байланып қалған. Яғни, біз әлі күнге дейін орыс-қазақ баспасөзінің мейрамын тойлап жүрміз. Шындап келетін болсақ, тәуелсіз қазақ баспасөзінің күні деп тойлайтын болашақта күн болатын болса, ол менің ойымша не «Айқап», не «Қазақ» газеттерінің бірінің туған күніне байлануы керек. Оның құндылықтары басқа болуы керек. Оның талабы, оның тілегі де өзге болуы шарт. Ол тойлау үшін не бір-бірімізді марапаттап, салпыншақ тағу үшін емес, «өз кәсібімізді дұрыс атқарып жүрміз бе» деген ізденістерге негізделсе, әлдеқалай дұрыс болар еді деп ойлаймын.
Айдос Қарабала
Фото А. Сарымның Фейсбуктегі жеке парақшасынан алынған