АTPress.kz. 31 мамыр. 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Нақақтан-нақақ жазаланған боздақтарды бүгін ұрпақтары еске алып, мемориалды кешенге гүл шоқтарын қойды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Кеңес үкіметінің қанқұйлы саясатының кесірінен миллиондаған қазақстандық құрбан болып, 600 мыңға жуық қазақ елін тастап көшіп кетуге мәжбүр болған.
- Менің əкем Қалам Есқалиев халықтың қалаулысы болып, білім саласында еңбек еткен кісі болатын. 1951 жылы Алматыда съез өтіп, содан қайтып келе жатқан кезінде үндеместер Атырауға келіп түскен жерінен пойыздан күтіп алып, қамауға əкеткен. Содан "Халық жауы" деген жаламен 10 жыл мерзімге түрмеге жабылды. Кейін Сталин өлгеннен кейін амнистияға ілігіп, 1955 жылы елге келді. Жабылған жаладан 1961 жылы толықтай ақталып шықты, - дейді ұлы Ғазиз Есқалиев.
Қалам Есқалиев Индер ауданы, Куллагин ауылында ұзақ жыл ұстаздық еңбек етіп, сол ауылда екі қатарлы мектептің салынуына ұйытқы болған. Бүгінде ол мектеп Қалам Есқалиевтің атымен аталады.
- Қазіргі уақытта да Ішкі істер министрлігі, құқық қорғау органының қызметкерлерінен тілейтініміз жазықсыз адамды жанұясынан айырып, жала жабу болмаса екен, - дейді Ғ. Есқалиев.
Шара барысында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев:
- Біздің елімізге де жер аударылып келген репрессия құрбандарын халқымыз жылы қабылдай білді. Ендігі кезекте олардың атын өшірмей, кейінгі ұрпаққа насихаттауымыз қажет, - деді.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі