ATPress.kz. 26 мамыр. Бүгін Атырау қаласының полиция қызметкерлері нысанаға дәлдеп оқ атудан сынға түсті. Жарыстың шешуші сынына 80 полициядан іріктеліп шыққан он қызметкер қатысқан болатын.
Аталмыш шара Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің биыл 23 маусымда атап өтетін 25 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Осыған байланысты тир атуға бекінген жарыс қатысушыларына да ұйымдастыру алқасы дәлдеп атудан жинайтын ұпай көлемін нақты 25 жеткізу керек деген шарт қойды. Бақ сынаушылар арасында жас мамандармен қатар, полковник шенді тәжірибесі мол қызметкерлер де бар. Мергендердің бірқатары межелі санға жеткізе алмай жатса, бірқатары 29 ұпай жинап, асып түсіп жатты.
Нәтижесінде ІІД арнайы даярлық басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Шаненов үш оқты нысанаға дәлдеп тигізді. 25 ұпай жинаған жеңіпаз қатардағы сегіз әріптесінен оқ бойы озды. Марапатқа ие болған мергеннің еңбегі мерекелік шара барысында еленетін болады.
- Құқық қорғау саласында қызмет етіп келе жатқаныма он бес жылдан асты. Сондықтан нысанаға дәлдеп тигізуде ешқандай қиындық болған жоқ, - дейді жеңімпаз.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі