Атырауда «Бала дауысы» ән байқауының облыстық кезеңі өтуде

ATPress.kz. 2 маусым. Бүгін Атырауда Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының бірегей жобасы - ұлттық «Бала дауысы» балалар ән байқауының іріктеу кезеңі басталды.

Байқауға Атырау облысынан 7-13 жас аралығындағы 60 астам үміткер қатысуда. Талантты әншілердің қазылығымен кастинг түрінде өтіп жатқан байқау қорытындысы бойынша Атырау облысынан бір ғана оқушы республикалық кезеңге жолдама алатын болады. 

Байқауға Мақат ауданынан келген Аружан Хасанова «Бала дауысы» байқауына екінші жыл қатысып отырғанын айтады.  

- Репертуарымда орындап жүрген ондаған әнім бар. Жасым 12-де. Бұған дейін Мәскеу қаласында өткен жас әншілер байқауынан бірінші орынды, Алматы қаласында өткен «Күншуақ» фестивалінен бас жүлде иелендім. Бүгінгі байқауға да жақсы дайындықпен келдім. Болашақта әнші болсам деп армандаймын, - дейді кастинг қатысушысы. 

Айта кетейік, аталмыш байқаудың іріктеу кезеңі 13 маусымнан бастап Қазақстанның 8 облысында болған. 25 маусым–15 шілде аралығында 14 облыс және Астана, Алматы қалаларынан іріктелген финалистер суперфиналға дайындықтың бірінші кезеңін бастайды. 1 қазаннан бастап финалистер Алатау тауларының баурайында орналасқан «Бөбек» ұлттық орталығының «Жұлдызды арман үйінде» бас қосып, кәсіби музыканттар, хореографтар, стилистер оларды супер финалдың телевизиялық түсіріліміне дайындайтын болады. Қатысушылардың ол жақтағы барлық шығыны мен ән жаздырып, киім тіктіруі ұйымдастырушылар есебінен жүргізілетін болады. 

Байқаудың 27-29 қазан аралығында Алматыда өтетін ақтық финалында Атырау облысынан барған әнші Серік Ибрагимовпен бірге дуэт құрып, әлемдік хит әндерді, еліміздің аңызға айналған әндерін орындайды. Ақтық сынның жеңімпазын кәсіби қазылар алқасы мен тікелей эфирде смс дауыс беру арқылы телекөрермендер бағалайтын болады. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі