ATPress.kz. 8 қараша. Махамбет ауданында Бала Ораз Өтебайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған айтыс аламаны дүркіреп өтті.
Облыстық ақындар айтысына қатысушыларды Қазақстан жазушылар одағы басқармасы, Атырау облыстық филиалының басшысы, ақын Қойшығұл Жылқышиев бастап келді.
Алғашқы жұп Жәнібек Садыров пен Әнуар Садықовты айтысқа шөліркеген махамбеттіктер қол соғып, қиқулап дем беріп, ыстық ықыласпен қарсы алды. Жәнібек талай республикалық аламан айтыстарда топжарған, тісқаққан ақын. Бірақ, Әнуарың да оңай шағылатын жаңғақ көрінбеді. «Башқұртсың ба, басқа ұлтсың ба, паспортыңды көрсет», - деген Жәнібектің бастырмалата айтқан шумақтарына сабырмен сөз тауып, жауап қайтарып отырды.
Серік Қойшығұлов пен Өнербек Дәулекеновтың айтысы аламан алаңына өзгеше бір леп әкелгендей болды. Қорғасындай ойып түсер салмақты ой, әдемі әзіл-қалжың, тауып айтқан ұтымды жауап жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. «Есіңе түсер ме екен екідегің, қыздыра түс айтысты өтінемін, арық аттың тепкісі жаман деген, мен енді бір айқасқа бекінемін», - деп, түнімен үйінде қонақтап шыққан ақын досына аяушылық болмайтынын аңғартқан Серік, бабы келіскен тастүлектей еркін самғады. «Найзағайдай күркіреп қолдасаңдар, найзалыға бермеспін намысымды», - деп, жерлестерінің қолдауына ие болды.
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Жаниба Қарасаеваның төрағалығымен қорытындыланған додада жүлделі үшінші орынды Жәнібек Садыров пен Фариза Жетпісбаева иеленіп, әрқайсысы жүз мың теңгеден ақшалай сыйлық алды. Жүз елу мың теңгеге бағаланған екінші жүлдені Әбілқайыр Бимырза қанжығасына байлады. Бірінші орынға лайық деп танылған Өнербек Дәулекенов екі жүз мың теңгені қанағат тұтты. Ал, бас жүлде ақын Серік Қойшығұловта. Оған үш жүз мың теңгенің байрағы ұсынылды.
Фамиля Қожанова,
Махамбет ауданы