Нашақорлық пен ойынқұмарлықтық алдын алу мәселесі қаралды

«Мектеп оқушыларының ағзасына есірткінің және ойынқұмарлықтың кері әсері» тақырыбында өткен жиынға 100-ден астам ата-ана комитеті төрағалары мен сынып жетекшілер қатысты,-деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Биыл сәуірден бастап есірткіге және лудоманияға тәуелділігі бар адамдар үшін тәулік бойы жұмыс істейтін анонимді колл-орталық іске қосылды. Байланыс нөмірі: 8771 127 77 00.

Шара жастар мен жасөспірімдердің зиянды заттарға тәуелділігінің алдын алу, отбасы мен мектеп арасындағы байланыс арқылы салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Жиында ата-аналар арнайы мамандармен пікір алмасып, зиянды әдеттің бала денсаулығы мен психологиясына әсері, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, отбасы мен мектеп арасындағы тығыз байланыстың маңызы сөз болды. Олар жоба аясын кеңейтіп, білім беру мекемелеріндегі түсіндіру жұмыстары мен ата-аналарға арналған тренингтерді жиі ұйымдастыруды ұсынды.

Былтырғы көрсеткішпен Атырау облысында 538 адам есірткіге тәуелді ретінде наркологиялық есепте тұр. Оның 446-сы Атырау қаласында, 92-сі аудан тұрғындары. Сонымен қатар лудоманияға тәуелді 110 азамат көмек сұрап жүгінген, оның 60-ы ем қабылдап, зиянды әдетінен арылған.

Айта кету керек, іс-шараны Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Ақсұңқар» қоғамдық қорының ұйымдастырды.

Фото: ru.freepik.com