Атырауда «полиция капитаны» шенінен айырылды

Атырау қаласының №2 сотында алаяқтық жасағаны, яғни өзінің қызмет бабын пайдаланып, алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқырғаны үшін айыпталған Атырау облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Х.Н.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 190-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы), деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Х.Н. лауазымды тұлға және құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, пайдакүнемдік және заңсыз материалдық баю мақсатын көздеп, азамат М.К.–ның қылмыстық іс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біліп, М.К., А.К.-ның құқықтық сауатсыздығын және психологиялық жай-күйін пайдаланып, айыппұл төлеу үшін деп жалған айтып, алаяқтық жолмен олардың 1 500 000 теңге ақша қаражаттарын иемденген. Басты сот талқылауы барысында сотталушы өзінің кінәсін толықтай мойындап, жинақталған дәлелдемелердің қатыстылығына және оның жол берілетіндігіне дау келтірмей, сот отырысында оның зерттеуін талап етпеуіне байланысты сот талқылауы қысқартылған тәртіппен қаралды.

Прокурор сотталушыға мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза түрін тағайындауды сұрады. Сотталушы өзінің кінәсін толықтай мойындап, жеңіл жаза түрін тағайындауды сұрады.

Сотталушының асырауында кәмелетке толмаған баласының болуы, кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі, келтірілген залал мөлшерінің толық өтелуі – жаза мен қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде танылды, ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот үкімімен Х.Н. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 10 еселенген сомасы мөлшерінде - 15 млн теңге айыппұл жазасы тағайындалды. ҚК-тің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес Х.Н. «полиция капитаны» арнайы шенінен айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ