ATPress.kz. 10 қараша. Атырау қаласында ұйымдастырылған «Өнер қанатында» атты халықаралық би байқауында Индер аудандық «Шалқыма» би ансамблі бірінші орынға ие болды. Байқау кезінде олар орыс биімен сахнаға көтеріліп, бірінші орын жүлдегері атанды.
Сайыста Нұрдәулет, Ерасыл, Жамболат, Али, Батырхан, Қайсар, Камила, Қарақат, Әсел, Әмина, Дильназ, Аяулым, Айман сынды ұл-қыздар өнер көрсетті. Аудандық «Индер-Мәдениет» үйінің жанынан жақында құрылған ансамбльге Шолпан Шүкірғалиева жетекшілік етеді.
«Негізінен баланың би үйірмесіне кішкентай кезден қатысқаны дұрыс. Себебі, ол кезде бала денесі ширақтау болады да, бидің қимылдарын тез меңгеріп кетеді. Қазір топтағы бишілердің аяқ алысы жаман емес. Дегенмен, әлі де көмекті қажет ететін оқушылар бар», - дейді құрамында қырыққа жуық мың бұралған бишілері бар топ жетекшісі Шолпан Шүкірғалиева.
Ол дайындаған Айтолқын, Сабина, Ақбота, Альбина, Ақбота, Дильназ, Жамиля, Гүлім, Дильназдан құралған «Асем-ай» би тобы күні кеше Астана қаласында өткізілген «Күзгі әуен» халықаралық би байқауында «Ертұран» биін билеп, бірінші орынды еншіледі.
Д. Айбаров