Мемлекеттік кірістер комитеті автокөлік ұтысын өткізеді

ATPress.kz, 25 қазан. «Чекті талап етіп жүлде ұтып ал». Осындай акциямен мемлекеттік кірістер комитеті автокөлік ұтысын өткізбек.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мемлекеттік кірістер департаментінің түсінік жұмыстары басқармасының басшысы Батырбек Юсупов мәлімдеді.

Акцияға өздері тұтынған тауар немесе қызмет үшін берілген фискалды чектің фотосын комитетке жіберген кез-келген ҚР азаматы қатыса алады. Акция ағымдағы жылғы 1 қазан мен 15 желтоқсан аралығында барлық облыстарда өткізіліп, ақтық сын жылдың соңында мемлекеттік кірістер комитетінде қорытындыланады. Ұтыс жеңімпаздары чекті кездейсоқ таңдау әдісімен анықталып, бас жүлдеге автокөлік ұсынылмақ.

Кім қаншалықты көп чек жіберсе, соншалық жүлдені ұтып алудың мүмкіндігі зор. Аталған науқанға өткен жылы 2 млн.нан астам адам қатысып, 10 млн.нан астам түбіртек жіберген. Акция өткізу нәтижесінде заңнан тыс жұмыс істеп келген 9 мыңнан аса жеке кәсіпкер салықтық тіркеуге қойылып отыр.

Мұндағы мақсат: азаматтардың тұтынушы ретінде өз мүдделерін қорғауы арқылы құқықтық мәдениетін қалыптастыру, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою.

Нұрбейбіт Нұғыманов